Қазақстанның жаңа бас санитарлық дәрігері тағайындалды
Ерлан Қиясов денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер болып тағайындалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасы үкіметінің қаулысымен Ерлан Аңсағанұлы Қиясов Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау вице-министрі - Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қызметіне тағайындалды», - делінген хабарламада.
Ерлан Қиясов 1973 жылы Алматыда дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік медицина университетін, Орта Азия университетін, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
Еңбек жолын 1990 жылы «Алматы қаласының жедел медициналық жәрдем ауруханасының» жансақтау бөлімінде кезекші болып бастаған. 1997-1999 жылдары - Алматы қаласындағы ҚР әуе көлігі орталық санитарлық-эпидемиологиялық станциясында санитарлық дәрігер, эпидемиолог болды.
1999 жылдан 2020 жылға дейін Қазақстан Республикасы президенті іс басқармасы медициналық орталығының құрылымында санитарлық-эпидемиологиялық станцияда жалпы гигиена бойынша санитарлық дәрігер, жедел бөлімнің басшысы, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау дирекциясы эпидемиологиялық бөлімінің басшысы, РМҚК санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының директоры, басшының орынбасары болып жұмыс істеді.