Қазақстанға 20 миллиард теңге инвестиция салған: Ұлттық компания малайзиялық инвестормен даудың ортасында қалды
Қазақстанға 20 миллиард теңге инвестиция салған малайзиялық инвестор ұлттық компаниямен болған даудың нәтижесінде шығынға ұшырауы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Малайзиялық инвесторларға тиесілі King Development құрылыс компаниясы өз құқықтарын қорғауды сұрайды. Компания "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясымен инвестициялық келісімшарт жасап, 20 миллиард теңге көлемінде қаражат құйып, тұрғын үй кешендері мен Tamos Space School мектебінің құрылысын бастаған. Алайда 2024 жылы ұлттық компания шетелдік инвестормен жасалған келісімшартты біржақты тәртіппен бұзған көрінеді.
King Development компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің бас директоры Шыңғыс Аханов Астанада өткен баспасөз конференциясында "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясымен арадағы дау туралы айтып берді.
2018 жылы малайзиялық инвестор Астанадағы 14,5 гектарлық аумақта ауқымды құрылыс жобасына шақырылған. Жобаға 96 миллиард теңге инвестиция салу жоспарланып, оның 20 миллиард теңгесі игерілген. Бұл қаражатқа тұрғын үй кешендері мен халықаралық Tamos Space School мектебі салынған. Инвестор инженерлік инфрақұрылымға 1,6 миллиард теңге жұмсап, мектеп пен үйлерді су, жарық және жылу жүйелеріне қосқан.
2020 жылы King Development аталған учаскеде 3,8 миллиард теңгеге халықаралық Tamos Space School мектебін салды, ал 2021 жылы 6,5 миллиард теңгеге Kingsland Residence тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтапты. Қазір Cosmic City тұрғын үй кешенінің құрылысы жалғасып жатыр екен.
“Алайда, 2024 жылдың ақпан айында "Қазақстан Ғарыш Сапары" Ұлттық Компаниясы" АҚ күтпеген жерден келісімшартты бұзып, инвестордың 700 мың теңге көлеміндегі қарызын себеп етіп көрсеткен. Инвестор бұл соманы келісімшарт бұзылмай тұрып толық өтегенін айтады. Осы сома 96 миллиард теңгелік жобаға қауіп төндіріп отыр”, – дейді Шыңғыс Аханов.
Инвестор Хии Вэй Вэн Қазақстанның экономикалық тұрақтылығына сенгенін айтып, мұндай жағдайдың елдің инвестициялық беделіне кері әсер ететінін жеткізді.
"Біз миллиардтаған теңге салдық, жұмыс орындарын аштық, инфрақұрылым құрдық. Енді бізді елден кетуге мәжбүрлеп отыр. Бұл жай ғана біздің жеке жағдайымыз емес – бұл халықаралық инвесторлар үшін дабыл белгісі", – деді ол.
Ахановтың айтуынша, сот ұлттық компанияны жақтап шешім шығарған. Алайда King Development директоры сот шешімі заң бұзушылықтармен қабылданды деп есептейді және шешімнің 2023 жылғы 4 желтоқсандағы президент жарлығына қайшы келетінін айтады. Аталған жарлыққа сәйкес, ұлттық компаниялар инвесторлармен жасалған келісімшарттарды бас прокуратураның мақұлдауынсыз біржақты бұза алмайды.
Ахановтың пікірінше, "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясы келісімшартты бұзу арқылы өз мүддесін көздеп отыр. Өйткені компания дайын инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген, тұрғын үй кешендері мен мектебі салынған жер учаскесін иеленбек.
"Бұл – инсайдерлік ақпарат. Аталған жер учаскесін кейін Аэроғарыш комитеті мен ұлттық компания басшылығы өздерімен байланысты құрылыс компаниясына беруді жоспарлап отыр. Бұл – Қазақстандағы ең ескі құрылыс компанияларының бірі, оның бас кеңсесі Алматыда орналасқан. Сондай-ақ ол Байқоңырда да жұмыс істейді. Оның түпкілікті иесі– Аэроғарыш комитеті", – деді Аханов.
"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы да King Development ісі бойынша сот шешімі заң бұзушылықтармен қабылданды деп есептейді. Палата бас прокуратураға хат жолдап, кассациялық наразылық білдіру мүмкіндігін қарастыруды сұрады.
"Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясы Ұлттық ғарыш орталығының (ҰҒО) иесі екенін атап өтті. Орталықтың концепциясы ғарыштық кластер құруды көздейді, оған технологиялық инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандар – тұрғын үйлер, мектеп, ғарыш мұражайы кіреді. Әлеуметтік инфрақұрылымның құрылысын салу міндеті King Development компаниясына жүктелген.
"Алайда алты жыл өтсе де, жоба толық көлемде жүзеге асырылмады. Жоспарланған алты тұрғын үй блогының тек біреуі ғана толық салынды, қалғандарының құрылысы белгіленген мерзімде аяқталмаған, ал төртеуінің құрылысы мүлде уақытында басталмаған. Келісімшартты бұзудың негізгі себептерінің бірі нысандарды тапсыру мерзімдері өрескел бұзылуы болды", – делінген "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясының хабарламасында.
"Қазақстан ғарыш сапары" ұлттық компаниясы King Development құрылысында кешігулерден басқа, компания ескерту жасалғанына қарамастан, үнемі жалға алу төлемдерін кешіктіріп келген, бұл мемлекетке қаржылық зиян келтіргенін мәлімдеді.
Компания дауды бейбіт жолмен реттеу үшін барлық мүмкіндіктерді қолданғанын, құрылысшының мерзімдерді ұзарту және жалға алу шарттарын жұмсарту туралы өтініштерін қанағаттандырғанын атап өтті. Алайда, осы жеңілдіктерге қарамастан, құрылыс толық көлемде қайта басталмаған.
“2024 жылғы 23 шілдеде Астана қаласындағы арнайы ауданаралық экономикалық сот "Қазақстан Ғарыш Сапарының" арызын қанағаттандырып, келісімшарттың бұзылғанын растады, ал 2024 жылғы 26 қыркүйекте Апелляциялық сот алқасы бұл шешімді күшінде қалдырды, ал 2025 жылғы 17 ақпанда Жоғарғы сот King Development компаниясының істі қайта қарау туралы өтінішін қанағаттандырмай, барлық бұрынғы шешімдердің заңдылығын растады”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ ұлттық компания келісімшарт бұзылғаннан кейін құрылыс компаниясы жер учаскелерін босатпағанын, жобалық құжаттаманы тапсырмағанын және аяқталмаған нысандарды сот шешімі бойынша сақтау жағдайына келтірмегенін атап өтті.