Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың көбі махаббат және қоғам пікірі үшін үйленуді жөн көреді

pixabay үйлену тойыФото: pixabay.com

Қазақстандықтардың жартысынан көбі махаббатпен үйленеді. Мұндай қорытындыға Қазақстанның қоғамдық даму институты келген. Онда адамдардың не себепті көбіне некеге тұратынын анықтау үшін әлеуметтанулық зерттеу жүргізілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Институттың мәліметіне сенсек, отандастарымыз үшін бірінші орында махаббат. Оның үстіне, махаббат өзге себептерден айқын басым. Ал өзара сенім немесе құрмет үшін некеге тұруға екі-ақ респондент шешім қабылдаған.

•    Махаббатпен – 59,9%
•    Қоғам пікірі мен жеке қызығушылықтары – 17%
•    Балалардың дүниеге келуі – 10,7%
•    Ата-анадан тәуелсіз болу – 5,5%
•    Материалдық жағдайды жақсарту – 5%
•    Жоспарланбаған жүктілік – 1,2%-ы үйленген.

Былтыр АХАЖ бөлімдеріне 123 мыңнан астам қазақстандық келген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда бірнеше пайыз артық. Ең көп неке Алматыда, Түркістан облысында және Астанада қиылған. 2024 жылы ажырасу да сәл жиілеген. Осы уақыт ішінде 40 мыңнан астам отбасы ажырасты.

Зерттеу нәтижелері жастардың асығып үйленбейтінін де көрсетті. Сауалнамаға сәйкес алдымен жас қазақстандықтар мансап құрып, өмірлік тәжірибе жинап алып, содан кейін ғана отбасын құруды қалайды.

Сауалнамаға қатысқан отбасы мүшелерінің көбі эмоциялық және физикалық жағдайына күнделікті көңіл бөлу қолдаудың басты белгісі екенін айтады. Әсіресе, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынаста эмоциялық сезімталдық пен бір-бірін тыңдай білу маңызды екенін атап өтеді.

Өскемендік 45 жастағы ер адам отбасында қос жұптың бір-бірін түсіну маңызды екенін жеткізді.

"Ең бастысы, бір-біріңмен тыныш отырып, басынан аяғына дейін тыңдай білу…", – деді сауалнама қатысқан ер адам.

Сонымен қатар жасы үлкендердің бір бөлігі ішкі жанашырлығы болғанымен, оны ашық білдіру қиын екенін мойындайды. Бұл кеңестік дәуірде қалыптасқан тәрбиенің салдары дейді ересектер. Осылайша, қазіргі отбасы құндылықтары салқынқанды, иерархиялық үлгіден ашық әрі эмоциялық өзара әрекетке өту кезеңін бастан кешіп жатыр.

Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген "Бақытты отбасының қалыптасуына әсер ететін факторлар" (2024 ж.) атты сауалнама кезінде 2 400 респондент төмендегідей басты шарттарды атады:

•    өзара махаббат пен құрмет – 88,8 %
•    ерлі-зайыптылар арасындағы түсіністік пен құрмет – 86,5 %
•    ата-ана мен бала арасындағы түсіністік – 85,2 %.

Жас жұбайлардың отбасындағы шарттарыИнфографика: Stan.kz


Ару үйлену тойына дейін арықтағысы келіп, бедеулікке ұшырады


Түркістан облысында қыз ұзату кезінде жүргізушілер кортеждің алдына шығу үшін бірін-бірі соққан


Еске салайық, бұған дейін қытайлық компания кездесуге шығып, қарым-қатынас құрған қызметкерлерге 68 мың теңге төлеуге уәде етті. Компания басшылығы өздерінің арнайы танысу платформасында екі түрлі компанияда жұмыс істемейтін жанмен жұп құрған адамға 66 юань (4 мың 514 теңге) төлеуге уәде берді. Дегенмен сыйақы көлемі 66 юаньмен шектелмейді. Таныстықтан соң тарифтер өседі. Егер қызметкер үш ай немесе одан да көп уақыт қарым-қатынасты сақтаса, онда ерлі-зайыптылардың әрқайсысына 1000 юань (68 мың теңгеден аса) төленеді.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 13 Тамыз, 2025 14:49
Талқылау