Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы көліктер жаппай табиғи газға көшірілуі мүмкін

Қазақстандағы барлық жолаушылар автобусы, тау-кен өндірісіне қолданылатын көліктер, теміржол локомативтері жаппай табиғи газға көшірілуі мүмкін. Соның арқасында кәсіпорындар бензин мен дизельге жұмсайтын шығындарын 65 пайызға үнемдеп, экологияға орасан септігін тигізеді. Қазір елдегі 4,5 миллионнан астам көлік құралдарының тек сегіз пайызы ғана газбен жүреді екен. Ал бұл табиғатты зиянды қалдықтардан қорғау үшін өте аз дейді сала мамандары.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “31” арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанда ірі кәсіпорындар орналасқан Алматы, Атырау, Өскемен, Қарағанды сияқты қалаларда атмосфералық ауаның ластануы өзекті мәселе болып отыр. Үкімет тіпті 2018 жылы осындай ластанған қалалардағы экологиялық ахуалды шешу үшін табиғи газды мотор отыны ретінде пайдалануды кеңейту туралы жоспар бекіткен. Бірақ содан бері оң өзгеріс байқалмаған. Бұл туралы мамандар "Қазақстанда көлікті декарбонизациялауды қолдау" семинары кезінде айтты. 

“Менің есебім бойынша ол жоспар тек 30 пайызға орындалды. Бағдарлама бойынша бес жыл ішінде өңірлерде газбен жүретін 12 мың автобус алынуы керек болған. Және бағдарламаны жаңа міндеттермен 2030 жылға дейін созу туралы ұсыныс тастаймыз”, – деді Қазақстан газ-мотор отынын өндірушілер мен тұтынушылар қауымдастығының директоры Азамат Ақышев.

Мамандарының сөзінше, қазір Қазақстанда 4,5 миллионнан астам көлік құралдары бар. Оның тек 4 мыңы табиғи газбен жүреді. Ал гибридтіктік тәсілде, яғни бензин мен газды да қатар қолданатын көліктердің саны - 313 мың. Ал бұл елдегі экологиялық ахуалды реттеу үшін өте аз. Ауаның ластануын азайту үшін Қазақстанда тым болмаса 20 мың көлікті газға көшіру керек дейді сарапшылар.



Мамандар болашақта барлық жолаушылар автобусы, тау-кен өндірісіне қолданылатын көліктер, теміржол локомативтері жаппай табиғи газға көшірілуі мүмкін екенін айтады. Бұл ретте шетелдің тәжірибесі қолданылмақ. 

“Техникалық нормаларды сервиспен қамтамасыз етуі, тағы да басқа мәселелері өте көп. Бірақ оны бізге ойлап тауып керегі жоқ. Өйткені көршілес Ресейде бұл мәселе дамыңқырап жүріп жатыр”, – деді "KazTransGaz" АҚ газ өңдеу және газохимияны дамыту департаменті директорының орынбасары Әуезхан Уромбаев.

Айта кетсек, Қазақстан Париж келісіміне қатысушы 195 елдің қатарында әлемдік климатқа зиянды әсер ететін парниктік шығарындылар деңгейін төмендетуге міндеттенген.

Талқылау