Қазақстанда заңсыз 600 той жасалып, ас берілген
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев үкімет отырысы барысында елімізде карантин талаптарын бұзғандардың саны артқанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Оның ішінде 4 600 дерек дүкендер мен базарларда, 1 700 дерек мейрамханалармен және тағы басқа нысандарда тіркелді. Карантин талабын бұзудың басым бөлігі Қостанай облысы (5 мыңнан аса дерек), Батыс Қазақстан облысы (2,5 мыңнан аса дерек), Түркістан облысы (3,5 мыңнан аса дерек), Шығыс Қазақстан облысы (2 мыңнан аса дерек), Алматы қаласында (3 800 аса дерек) байқалды. Анықталған факт бойынша денсаулық сақтау органы тарапынан санитариялық талапты бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылады", - дейді министр Үкімет отырысында.
Карантиндік талаптарды бұзғандардың барлығы әкімшілік жазаға тартылатын болады.
"Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бақылау кезінде карантин талабын өрескел бұзудың 15 мыннан аса дерегін анықтады. Бұл той жасау, қоштасу рәсімін өткізудің 600 дерегі, демалыс аймағының жұмыс істеуінің 1 мыңнан аса дерегі, оның ішінде су қоймалары маңында шомылу дерегі де бар", - деді Тұрғымбаев.
Сонымен қатар, Тұрғымбаев той өткізу жағдайларына бірнеше мысал келтіріп, түнгі клубтардағы заң бұзушылықтарға тоқталды.
- Денсаулық сақтау министрі әуе рейстеріне жаңа шектеулер енгізуді ұсынды
- Қазақстанның екі өңірінде 4 блок-бекет орнатылды
"Мысалы, Қызылорда облысындағы "Орда" мейрамханасында 100-ден аса адамның қатысуымен той өткізу дерегі тіркелді. Бұл өңірде карантин талабын күшейтілгеннен бері осындай 225 дерек анықталды. 25-26 қыркүйекте елордада жұмыс істеген 4 түнгі клуб анықталды. Тексеріс барысында түнгі клубтың бірінде 60 адам болды. Олардың бәрі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осыған ұқсас жұмыс Алматыда жүргізілді, 5 түнгі клуб жабылды. Шараны ұйымдастырғандар жауапқа тартылды", - дейді ол.
Сонымен қатар, Ерлан Тұрғымбаев маска тақпаудың 11 800 дерегі анықталғанын, бұл дерек бойынша әкімшілік іс қозғалатынын жеткізді.
Еске салсақ, осыған дейін Асқар Мамин үкімет отырысы кезінде карантин талаптарын күшейтуді тапсырған болатын.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
