Қазақстанда қаңтардағы ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау мерзімі ұзартылды
Қазақстанда қаңтардағы ҰБТ-ға қатысуға өтініштерді қабылдау мерзімі тағы ұзартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 8 қаңтар күні сағат 17.00-де қаңтар айындағы ұлттық бірыңғай тестілеуге қосымша орындар ашылды.
"ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау 11 қаңтарға (қоса алғанда) дейін жалғасады", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2024 жылғы қаңтардағы ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау 6 қаңтарда аяқталуы керек болатын, бірақ бұл күн 9 қаңтарға дейін ұзартылды.
Тестілеу 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді. Қаңтардағы ҰБТ-ға қатысу бағасы – 4230 теңге. Тіркелу кезінде тестілеушілер күнді, уақытты және орынды таңдай алады. Қаңтардағы ҰБТ-ға келесі тізімдегі талапкерлер қатыса алады:
- жазғы тестілеу нәтижелері бойынша шекті баллға қол жеткізе алмаған және ЖОО-ның күндізгі бөліміне ақылы негізде оқуға шартты түрде қабылданғандар;
- шығармашылықтан оқытудың басқа бағыттарына ауысқысы келетін университет студенттері;
- ақылы негізде оқытудың педагогикалық бағыттарына ауысқысы келетіндер;
- мектептердің бітіруші сыныптарының оқушылары қалауы бойынша ақылы негізде ЖОО-ға түсу үшін.