Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қандай мамандық иелеріне 1 млн теңге жалақы төленеді

2024 жылы наурыз айында Enbek.kz электронды еңбек биржасында жұмыс іздеушілер саны азайған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, наурыз айында еңбек биржасында қолжетімді бос жұмыс орындарының саны ақпанмен салыстырғанда 7% төмендесе, түйіндеме саны 29% азайған.

Бос жұмыс орындар саны Қазақстанның төрт өңірінде ғана, Қарағанды, Абай, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында өскен.

"Жұмыскерлерді іздеуде ең жоғары белсенділікті Қарағанды және Түркістан облыстарының жұмыс берушілері көрсетті: тиісінше 6,8 мың және 4,7 мың бос жұмыс орны орналастырылды. Сондай-ақ ірі қалалар еңбек нарығында сұранысты қалыптастыруға белсенді қатысты: Алматыда 6,3 мың, ал Астанада 6 мың бос жұмыс орны жарияланды", – деді "ЕРДО" АҚ Стратегия және үлкен деректерді талдау департаментінің директоры Бақтияр Жазықпаев.

Министрлік мәліметінше, наурыз айында жұмыс берушілер жалақының ең көп мөлшерін объективті бақылау жөніндегі инженерлерге (орта есеппен 650 мың теңгеден бастап), өндіруші өнеркәсіптегі учаске бастықтарына (628 мың теңгеден бастап), сондай-ақ бас құрылысшыларға (627 мың теңгеден бастап) ұсынды.

Ал жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақыны құрылыстағы өндіріс бастығының орынбасары (орта есеппен 1,1 млн теңгеден бастап), мұнай өндіру маманы (937 мың теңге) және коммерциялық кәсіпорындар директоры (819 мың теңге) лауазымдарына үміткерлер сұраған.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің жалақысына жыл сайын 1 триллион теңге жұмсалатыны туралы жазған едік. 

Талқылау