Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда адам саудасының құрбандары мен осал мигранттарға қалай көмек беріледі?

Қазақстанға келіп, белгілі себептермен өз еркімен отандарына қайта алмай жүргендердің ішінде Украина, Молдова, Филлипин, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінің азаматтары бар. Бұл туралы Алматы қаласында өткен адам саудасына қарсы күреске және осал мигранттардың құқығын қорғауға арналған конференцияда айтылды, деп хабарлайды Stan.kz.

Қазақстанда адам саудасымен қалай күреседі?

Бүгін, яғни 23 тамыз – халықаралық адам саудасы құрбандарын еске алу күнінде қоғамымыздағы басты мәселелердің бірінің шешімі қалай табылып жатқаны туралы ақпарат осы баспасөз-брифингінде берілді.

Конференцияда сөз сөйлеген БҰҰ миграция жөніндегі агенттігі Миграция бойынша халықаралық жобаның координаторы Куанова Анисаның айтуынша, аталған ұйым Қазақстан мемлекетінде адам саудасының құрбандарына 1998 жылдан бері көмек көрсетіп келе жатыр.

Анисаның ұсынған деректерге сенсек, Қазақстан үшке бөлінетін адам саудасы мәселесіне қатысты ресми рейтингтің екінші сатысында тұр.

«Демек, біз ең төмен рейтингте емеспіз, алайда жоғарғы сатыда болмағандықтан, Қазақстан осы мәселеде алдыға қадамдар жасап жатқанымен, қоғамда бұл проблема әлі өрбіп тұр деген сөз», – дейді Аниса.

Сонымен қатар, аталған шарада көтерілген басты тақырыптарды бірі – еліміздің транзиттік мемлекет екені болды. Транзиттік болғандықтан, біздің аймағымызды басып өтетін мигранттар саны көп.

БҰҰ миграция жөніндегі агенттігінің ұлттық координаторы Жасымбекова Светлана Ақтөбе қаласында 52 адамның өмірін қиған қайғылы оқиғаны еске алып, Қазақстан транзиттік мемлекет болғандықтан, елімізді басып өтетін азаматтардың да құқығы қорғалуы тиіс дейді.

«Білесіздер, биыл қыс мезгілі өте суық болды. Көліктері қатып қалып, жолда ауа-райының құбылысына төтеп бере алмаған шет ел азаматтарына біздің өкілеттік органдар тарапынан көптеген көмек берілді», -дейді Светлана.

Жасымбекова тағы да Қазақстандағы Орта Азия мемлекеттерінен жұмыс іздеп, отбасын, бала-шағасын асыраймын деп келгендер, соңында қайта алмай жатады деген мәлімет ұсынды.

«Еңбек етуге келген мигранттардың басты мақсаты – тек ақша табу, олар біздің мемлекетімізде қалып, ары қарай өмір сүруді көздемейді. Ең өкініштісі, бүгіңгі таңда басқа мемлекеттерден әйелдер мен балалар көптеп келеді, атап өтсек, олар көбінесе Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттерінен. Осыған орай, әйелдер мен бала миграттар осал болып табылғандықтан, біз олардың құқықтарын қорғалуын қамтамасыз етеміз. Қазақстан мемлекетінің өкілетті органдарымен біріге отырып, ең бастысы қауіпсіз миграцияның сақталуын қадағалаймыз.

Жоғарыда атап өткендей адам саудасына қатысты сұрақтарды өкілетті мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар және үкіметтік емес ұйымдар бірігіп шешеді. Үкіметтік емес ұйымдардың ішінде «Родник» қоғамдық қорының осы мәселені шешу жолындағы қосқан үлесі мол екенін атап өткен дұрыс болар.

Аталған шара барысында «Родник» қоғамдық қорының жетекшісі Балабаева Нина сөз сөйлеп, қазіргі таңда қор тарапынан осал адамдарға арналған көмектің саны жыл санап өсіп келе жатқанын айтты.

«Біздің көмегімізге жүгінгендердің ішінде кейбіреулері бүгінде тіпті өзінің жеке кәсібін ашуды көздеп отыр. Қордың басты мақсаты – сырттан келген оралман болсын, басқа ұлт өкілі болсын, қазақстандық қоғамға сіңіп кету барысын жеделдету болып табылады. Сондықтан кез келген қиналған азамат бізге көмек сұрап жүгіне алады», – дейді Балабаева Нина.

Сонымен қатар, қор жетекшісі еңбек мигранттары үшін медициналық көмек көрсету мәселесін жүзеге асыруды жоспарлап отырғандарын мәлімдеді.

Аталған елдердің азаматтарына көмек осы қор тарапынан көрсетілген.

Мысал келтірер болсақ, Нина Балабаеваның айтуынша, Молдова мемлекетінен осыдан бес жыл бұрын күйеуімен келіп, Қазақстанда қалып қойған келіншекке үкіметтік емес ұйым тарапынан көмек берілген.

«Олар жұбайымен бірге келіп, мемлекетімізде екі бала дүниеге әкеліп үлгерген. Алайда біраз уақыттан кейін келіншектің күйеуі оны екі баламен тастап қашып кеткен, қайда кеткені белгісіз, солай ол екі баласымен далада қалып қойды. Молдоваға қайтайын десе ешқандай құжаты жоқ, солай бізге өтініш білдіріп, олардың өз елдеріне қайтуына мүмкіндік бердік. Филлиппин мемлекетінің азаматшасы да осындай жағдайға тап болған. Бірақ ол баласыз жалғыз болғандықтан көп қиындықтар туғыза қойған жоқ», – дейді «Родник» қоғамдық қорының жетекшісі Нина Николаевна.

Қорытындылай келе, адам саудасымен күрес барысына тек ғана мемлекеттік органдар немесе халықаралық ұйымдар ғана қатысуы шарт емес. Бұл мәселенің шешіміне әр азамат өзіндік ұлесін қоса алады. Тіпті қоғамда күмән келтірер оқиғалар орын алған жағдайда, немесе адам саудасының құрбаны, осал мигранттарды көрген жағдайда жоғарыда аталған мекемелерге өтініш білдіріп көмек сұрауларыңызға болады. Бұл мекемелер толық құпиялықты сақтауға кепілдік береді. Қоғамымызды дұрыс жолға салуға әркім мүдделі екенін ұмытпаған жөн.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

 

Талқылау