Қазақстан үкіметі Тоқаевтың сынынан кейін “Зерде” холдингін таратты
ҚР үкімет басшысы Әлихан Смайылов "Зерде" ұлттық инфокоммуникация холдингі" АҚ-сын тарату туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“2022 жылғы 5 тамызда үкімет "Зерде" ұлттық инфокоммуникация холдингі" АҚ-ны таратуды көздейтін қаулы қабылдады. Бұл құжат нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкінде жарияланады”, – деп мәлімдеді үкіметтің баспасөз қызметі.
Еске салайық, 14 шілдеде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге "Зерде" холдингінің жұмысына көңіл толмаушылық білдіріп, сын айтқан еді.
“Жалпы, цифрландыру баяу жүріп жатыр, менің ойымша, бұл қанағаттанарлықсыз. Мен Есеп комитетінің сынына ұшыраған "Зерде" ұлттық холдингінің жұмысын жақсартуды тапсырдым. Премьер-министр цифрландырудың сақтаушысы ретінде бұл мәселеге ерекше назар аударуы керек. Министрге ескерту беремін. Менің ойымша, сіздің жұмыс істеу көрсеткішіңіз төмен, премьер-министрдің сенімін ақтамай жүрсіз”, – деген президент.
Өз кезегінде Бағдат Мусин "Зерде" холдингін таратып, холдингтің бақылауындағы QazInnovations және Astana Hub компанияларын Инновациялық технологиялар паркімен біріктіруді ұсынған.
- Алаяқтар қоңырау шалатын жалған нөмірлер бұғатталады– Бағдат Мусин
- Кезінде Баталовтың өзі лентасын қиған Талдықорғандағы IT hab ашылмай жатып жабылып қалды
- Цифрлық даму министрлігі "Зерде холдингін" тарату туралы шеміміне ресми түсінік берді
"Зерде" холдингі 2008 жылы құрылған. Холдингтің мақсаттарына мыналар кіреді:
- инфокоммуникациялық саланың бәсекеге қабілеттілігін және экономикалық тиімділігін арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасау;
- инфокоммуникациялық ресурстар мен стандарттарды әзірлеу;
- инфокоммуникация саласындағы инвестициялық және инновациялық белсенділікті ынталандыру.
"Зерде" холдингінің құрамына үш компания кірді:
- "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ;
- "Astana hub" IT-стартаптардың халықаралық технопаркі" корпоративтік қоры;
- "Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы" АҚ.