Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шымкентке бокс мектебін ашып, талантты жігіттерімізді әлемге танытқым келеді": Қазақ бапкері Дубайда әлем чемпионын жаттықтырып жүр

Көркі көз тартар, көк аспанмен астасып жатқан ғимараттарымен ерекшеленетін дәулеттілердің қаласы – Дубайды бір көру, онда барып демалу әркімнің-ақ арманы. Ал былтыр шымылдығы түрілген EXPO-2020 Dubai дүниежүзілік көрмесі де талайларға арман болған қаланың жаңа тынысын ашты. Бүгінде Біріккен Араб Әмірліктеріне көпшілік саяхатқа ғана емес, сол елге тұрақты қоныс аударып жатыр. Арманын жүзеге асыруға аттанғандардың арасында шымкенттік Марат Қалдыбеков те бар. Дубайда кәсіби шеберлігімен танылған, әлем чемпиондарын жаттықтырып жүрген қазақ бапкерімен Stan.kz тілшісі сұхбаттасты.

Марат Қалдыбеков әлем чемпионы Сәкен Бибосыновпен бірге

Кейіпкеріміз Марат Қалдыбеков Дубайда "PUNCH360" бокс клубында әртүрлі жастағы боксшыларды дайындап жүр. Жастайынан жаны спортқа жақын болған жерлесіміз мектеп қабырғасында жүріп-ақ қаладағы турнирлерге үзбей қатысқанын айтады. Спорт шебері соңғы екі жылда бапкерлікті қолға алған.

“6 жасымда әкем мені гимнастикаға берді. Бұл мені тікелей спорт әлеміне жетеледі. Менiң ой-арманымды ерiксiз өзгерткен бiр оқиға болды. 2008 жылы жазғы демалысымда таэквандоға қатыстым. Дәл сол жылғы Бежіңдегі жазғы олимпиададағы Бақыт Сәрсекбаев ағамыздың жеңісін көріп, ауладағы балалар боксқа қызыға бастады. Тиісінше мен де бокс әлеміне алғаш қадам бастым. Алғашқы жаттығудан кейін-ақ, бокс менікі екендігін ұғындым. Араға 3 ай салып, алғашқы жарысымның бірінші жекпе-жегін техникалық нокаутпен жеңдім. Қола медальді қоржынға салып қайттым. Осылайша, қызығы мен қиынышылығы қатар жүретін бокс әлеміне толық ендім. 12 жылғы еңбектің арқасында спорт шебері дәрежесіне де жеттім”, - дейді ол.

Спорттық мансаптарын аяқтағаннан кейін спортшылардың көбіне мықты жаттықтырушы болу бақыты бұйырмайды. Ал білікті бапкер болу жігер мен табандылықты талап етеді. Марат Дубайға бармас бұрын, Шымкентте "Сауыт" бокс клубында еліміздің мақтанышы Нұржан Смановпен қызметтес болған. Спортшы бапкерлік бағын жаққан да осы клубтағы тәжірбиесі екенін жоққа шығармайды.

“2020 жыл мен үшін сәтті жылдардың бірі болды. Ең алғаш "Бокс на свежем воздухе" жазғы жобамды бастап, өз командамды құрдым. Содан бері бапкер ретінде өзімді шыңдап келемін. 2018 жылы Дубайға алғаш рет демалысқа келдім. Сол кезде бұл қалада дамуға мүмкіндіктер өте көп екенін байқадым. Ал жұмыс барысына келгенде Дубайға мүлде басқа көзқараспен қарайды екенсің. Бір ұнайтыны мұнда алаңсыз жүресің, себебі БАӘ әлемдегі ең қауіпсіз елдердің бірі болып саналады”, - дейді бапкер.

Елiмiзде бокс өнерiнiң тасы өрге домалағанына жарты ғасырдан астам уақыт өттi. Сонау КСРО заманының дүрiлдеп тұрған шағында-ақ ринг төрiнде қазақ жастары жасындай жарқыраған-ды. Сол көштiң басында болған ағайынды Омаровтар, Мәжит Омарғалиев, Әбдiсалан Нұрмаханов секiлдi атпал азаматтар едi. Кейiннен де жеңiспен өрiлген бұл дәстүр өз жалғасын тапты. Сондай дәрежеге көтерiлудiң түп-тамыры бокстың бұқаралығының артуы мен сол көптiң арасынан асыл-маржандарын тере бiлген бiлiктi мамандардың, бапкерлердiң тынымсыз еңбегi мен төккен терлерiнiң нәтижесiнде жатса керек. Марат Қалдыбеков те сондай дарынымен танылған алдыңғы буын ағалардың жолын қуып мықтылар мектебін жалғасам дейді.

Сурет Марат Қалдыбековтың жеке мұрағатынан

“Біздің клубта да кәсіпқой боксшылар бар. Солардың бірі – нигериялық Lasisi Aliu. Ол WBC International тұжырымы бойынша әлем чемпионы. 2019 жылы Алматыға келіп, 16 желтоқсанда өткен додада бақ сынасты. Кәсіпқой боксқа келетін болсақ, әрине, оны елімізді жоғары деңгейге көтерген Геннадий Головкин екені анық.  Жас спортшылардан Жәнібек Әлімханұлы қатты ұнайды, қазір ол чемпиондық белбеуден міндетті үміткер. Сондай-ақ, жерлесіміз Сұлтан Зауырбекті атап өткім келеді, ол жастар арасында WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы, оның жекпе-жектерін тамашалап, жоғары деңгейге жетуіне тілектеспін. Сербияда өткен әлем чемпионатында біздің жігіттер лайықты бокс өнерін көрсетіп, NOC нұсқасы бойынша бірінші командалық орынды иеленді. Мен біздің командамен мақтандым! Ұлттық құрама сапынан Сәкен Бибосыновты атап өткім келеді, ол жоғары деңгейде бокс көрсетті, оған келесі Олимпиадада сәттілік тілеймін. Алға қойған жоспарларым көп. Әрине, мен Қазақстанға ораламын. Ендігі міндет – білім алу, халықаралық тәжірибе алмасу. Туған қалам Шымкентке бокс мектебін ашып, талантты жігіттерімізді әлемге танытқым келеді”, - дейді ол.

Спортшы сұхбат барысында БАӘ-ді таңдауының себебіне де тоқталып өтті.

“Соңғы жылдары БАӘ жекпе-жек саласында өте қарқынды дамып, кәсіпқой бокс пен UFC кештерін жиі ұйымдастыруға аса мән беріп келеді. Сәйкесінше, әлемнің көптеген танымал спортшылары Дубайға  келеді. Бұл дегеніміз кәсіби спортшылармен кездесіп, тәжірибе жинақтауға тамаша мүмкіндік. Әрине, жазда ауа райына байланысты қолайсыздықтар болып тұрады. Күн өте ыстық, маған ұнамайтыны, әрқашан кондиционерді пайдалану керек. Қала күннен күнге дамып жатыр, аспанмен теңесетін зәулім ғимараттар өте тез салынып жатыр. Тұрғын үй мәселесіне келетін болсақ, еліміздегі бағаларға қарағанда мұнда өте қымбат, студия ауданға байланысты шамамен айына 1000 доллардан басталады. Азық-түлік бағасына қатысты үлкен айырмашылықты байқамадым. Кімде-кім мұнда көшкісі келсе, әрине, бәріне дайын болуы керек, өйткені әртүрлі заңдар сен ішкі тәртіп бар”, - дейді ол.

Талқылау