Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қарды ерітіп, тамаққа пайдаландық": Ақмола облысында ауыл тұрғындары ауыз сусыз отыр

Елорда іргесіндегі Аққайың ауылының тұрғындары су мен жарыққа жарымай отыр. Елдімекенге инфрақұрылымдық жүйелер әлдеқашан тартылса да, жұрт оның игілігін көріп отырған жоқ. Мәселені айтып, талай жерге барған. Бірақ, нәтижесіз. "Биліктегілер базынамызға бас қатырмайды" дейді олар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” телеарнасына сілтеме жасап. 

Елордадан 12 шақырым қашықтықта орын тепкен аққайыңдықтар үшін өркениетті ел ұғымы таңсық. Олардың пікірінше, ауылдағы цивилизация мына аялдамадан аяқталады. Себебі, елді мекеннің қалған бөлігінде жол, ауыз су не жарық мәселесі  шешілмеген. Тұрғындар жергілікті билікке қанша шағымдансақ та, мәселеміз шешімін таппай келеді деп шырылдап отыр.

Ал округ әкімі ауылдың мәселесін мен шешпеймін деп отыр. Гүлбақыт Досбаева күнделікті тұтынуға қажетті ауыз суды тасып ішеді. Су толған ыдыстарын арқалап, бірнеше шақырымды жүріп өтуге мәжбүр. Тек Гүлбақыт емес, ауылдағы төрт жүзге жуық отбасы суға сусап отыр.

“Сағат жетіден кейін мынаны жауып тастайды. Бала шағасы бар үлкен семьжанұямыз. Су жетпейді. Кейде тасуға да жағдайымыз жетпей қалады”, – дейді Гүлбақыт Досбаева. 

“Жол жоқта қарды ерітіп іштік. Қарды ерітіп тамаққа пайдаландық. Астананың қасында отырып бұл қалай? Бізге мүмкіндік бола ма өзі?! Болмай ма, білмеймін. Айтсақ, уәде береді. Құр сөз”, – дейді ауыл тұрғыны Кәрбоз Бершінбаев. 

Жиылған жұрттың жанайқайын тыңдауға ауыл әкімі де келді. Шыдамы таусылған тұрғындар мәселеміз қашан шешіледі деп оған сұрақты төтесінен қойды. Бірақ, бұл мәселеден басын  ала қашты.

“Депутаттардың жұмысы ғой енді. Республикалық бюджетті солар қарастырады ғой. Оны ұтқан мердігер компаниялар бар. Олар осында болған. Олар көшіп кетті, қаржы болмағаннан кейін көшіп кетті”, – дейді Қызылсуат ауылдық округінің әкімі Оразбай Сәлменов. 

Әкімнің айтуынша, Аққайың ауылы әуеліде Қояндының құрамында болып, 2020 жылы Қызылсуат ауылдық округімен біріктірілген. Елді мекендегі жұмыстар да  осы кезеңде тоқтапты. Барлық жоба аяқсыз қалған. Әрі қарай жалғастыруға ақша бөлінбеді, - дейді.

“Енді біз әрмен қарай жалғастыруға қаражат сұрасақ, айтатын жауаптары сол -  жаңағы бюджеттен, республикалық бюджеттен қаржыланбай тұр. Сондықтан тоқтап тұр”, – дейді әкім. 

Целиноград ауданынан облыстық мәслихатқа  депутат боп сайланған Тимур Пшенов Аққайыңның ахуалын әлі білмейтін көрінеді. Тек ауыз су мәселесі өзекті екенін мойындайды. Бірақ оны шешу әзір мүмкін емес дейді.   

“Бүгінгі күні елді мекендерді ауыз сумен қамту мәселесі шешілмейді. Оған облыстық бюджетте қаржы жоқ. Жеткіліксіз. Ақмола облысының табысынан, шығысы көп. Сондықтан үнемі Республикалық бюджетке мойын бұруымызға тура келеді”, – дейді Ақмола облыстық мәслихат депутаты Тимур Пшенов. 

Ауылдағы газ құбыры, электр бағаналары мен ауыз су желілері ескіден қалған ескерткіштей пайдаланусыз тұр. Іргеде жатқан инфрақұрылымды игілікке жарата алмай амалы құрыған аққайыңдықтар атқамінерлерден үмітін үзген.  

Уәждерін уәдемен қайтаратын басшылардан қайыр жоқ дейді.

Талқылау