"Ата-анасын жауапқа тарту керек": Алматыда мопед мінген бала көлікке оңбай соғылды (видео)
Алматыда мопед мінген бала көлікке соқтығысты. Оқиға көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеокадрдан скриншот жасалған
Кадрлар қиылыста мопедтің бар жылдамдықпен көлікті соққанын көрсетеді. Көлік жүргізушісі көліктен шығып, жәбірленушіге көмектеспек болған.
Видеоға пікір білдірген қолданушылар баланың өміріне алаңдаулы. Өйткені соққы айтарлықтай ауыр болып көрінді.
"Құрметті министрлер, депутаттар, мәжілісмендер, тағы кім бар, балаларды мопед мінуге қашан тыйым саласыңдар? Әлде тағы қанша бала өлуі керек?", "Баласына мопед сатып алғысы келетін тағы кім бар?", "Кәмелетке толмағандар үшін бұл мопедтер мен скутерлерге қашан тыйым салынады?", “Мопед алып берген ата-аналары кінәлі”, ”Ата-анасын жауапқа тарту керек”, – деп жазды оқырмандар.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 17 маусымда болған.
"Бехтерев пен Авиатская көшелерінің қиылысында Mitsubishi көлігі мен мопед жол апатына ұшыраған. Оқиға салдарынан 14 жастағы жасөспірім зардап шекті. Қазір жол апатын Түрксіб аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері тексеріп жатыр", – деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы мопедистерге жүргізуші куәлігін алуға және мопедін тіркеуге алты ай уақыт берілгенін жаздық. Мәжіліс "Жол жүрісі туралы" заңға және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске көлік құралдарының жекелеген түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді екінші оқылымда қабылдады.