Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Израильдің Газадан әскерін шығаруы, Симпсонның өлімі: Әлемдегі жаңалықтарға апталық шолу

Осы аптада Израиль мен ХАМАС арасындағы келіссөздер қайта жаңғырды. Тараптар әлі де нақты шешімге келмеген. Алайда Газаның кейбір аймағынан Израиль әскерінің шығарылып жатқаны белгілі болды. Сонымен қатар осы аптада "Біз Ресеймен біргеміз" Запорожье қоғамдық қозғалысының басшысы Владимир Рогов Польша Украинаға әскерін жіберуге дайындалып жатқанын мәлімдеді. Бұл оқиғалармен бірге Финляндия тұрақты НАТО әскерін ел аумағына орналастыру мәселелерін қарастырып жатқанын айтты. Осы және өзге де әлемдегі жаңалықтарға апталық шолу. 

Фото: Global Look Press

Израиль мен ХАМАС арасындағы келіссөздер

Израиль мен ХАМАС Каирде соғыс қимылдарына қатысты келіссөз өткізгені туралы хабарланды.

Al-Qahera News мысырлық басылымының мәліметінше, Израиль мен Хамас делегациялары "қорытынды келісім шарттарын талқылау үшін" Мысыр астанасына қайта оралған.

ХАМАС бірнеше рет Газа секторынан Израиль барлық әскери қызметкерлерін шығарып, мерзімсіз бітім жасайтын болса, келісімге келетінін мәлімдеген. Өз кезегінде Израиль тарабы сектордан толығымен шығудан бас тартып, барлық израильдік кепілге алынғандарды сөзсіз босатуды сұрады.

Каирдегі келіссөздердің алдында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху 7 сәуірде үкімет отырысында халықаралық қысымның күшеюіне қарамастан, израильдіктер ХАМАС-тың талаптарына көнбейтінін мәлімдеген болатын.

Сарапшылар, егер Израиль мен ХАМАС арасында мәміле жасалса, оппозиция Нетаньяхуды мемлекетке опасыздық жасады деп айыптауы мүмкін және ол премьер-министр қызметінен айырылып қалу қаупі бар деп болжайды.

Израиль Газаның оңтүстігінен әскерін шығарып жатыр

Фото: Reuters

Израиль Газаның оңтүстігінен өз әскерін шығаратынын мәлімдеді. Аймақта тек қана бір әскери бригада қалады

Жексенбіге қараған түні Израиль әскері Газаның оңтүстігіндегі әскерлерін кері шегіндірді деген ақпарат тарады. 

Ақпаратқа сәйкес қазір аймақта тек қана Израильдің бір ғана әскери бригадасы бар. Әскери бригаданың басты мақсаты коридордың қауіпсіздігін қамтамассыз ету және Газаның оңтүстігін жағалау аумағымен байланыстыру.

Еске салсақ, Израиль әскері соғыс басталғалы бері алғаш рет әскерін Газа аумағынан алып кеткен. 

ХАМАС: Бізде Израиль сұрап отырған 40 тұтқын жоқ 

Ұсыныс бойынша ХАМАС жүздеген палестиналық тұтқынға айырбас ретінде барлық әйелдерді, науқастар мен қарттарды тұтқыннан босатуы керек. Алайда ХАМАС Израиль сұрап отырған 40 тұтқынның қолдарында жоқтығын мәлімдеді.

Сонымен бірге, Израиль билігінің өкілдері Ynet порталына Каирдегі келіссөздерде Израильдің қауіпсіздік қызметінің растауынсыз Газа секторының солтүстігіне қоныс аударған 150 мың палестиналықты қайтаруға келіскенін айтты. Алайда, шенеуніктің айтуынша, Израиль ХАМАС-тың келісім жасау туралы ұсынысына сенімсіздік танытқан. 

ХАМАС-тың сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Бассем Наим Газа секторындағы атыс толық тоқтатылғанда ғана тұтқындар бойынша нақты ақпарат болатынын жеткізді. Оның сөзінше, тұқтқындар қазір әртүрлі топтардың қолында және олардың көбі Израиль шабуылы нәтижесінде қаза тапқан. 

“Тұтқындар туралы нақты ақпарат жинау үшін уақыт керек және аймақта атысты тоқтату туралы шешім қабылдануы шарт”, – дейді ол.

ХАМАС саяси бюросы жетекшісінің кеңесшісі Тахер әл-Нуну Каирдағы келіссөздерде әзірленген келісімді қолдамайтындарын мәлімдеді.

Польша Украинаға әскер жіберуге дайындалып жатыр

Фото: NATO

"Біз Ресеймен біргеміз" Запорожье қоғамдық қозғалысының басшысы Владимир Рогов Польша Украинаға әскерін жіберуге дайындалып жатқанын мәлімдеді. Қазір әскерилер шағын топтарға бөлініп, жалдамалылардың атын жамылып, ұрыс алаңына кірген. 

Оның айтуынша, поляк әскерилері Украинаға кіргізіліп, Ресейге қарсы қақтығысқа қатысатын болады.

11 сәуірде Польша сыртқы істер министрі Радослав Сикорски Еуропалық Одақ (ЕО) аймақтық достастыққа мүше елдерді шабуыл жасалған жағдайда қорғау үшін жедел әрекет ету күштерін құруға ниетті екенін мәлімдеген.

Саясаткер Еуропада жаңа әскери құрылым құру қажеттілігі АҚШ пен Қытай арасындағы текетіреске байланысты туындағанын түсіндірді. Қазіргі уақытта Вашингтон бұл мәселеге көп көңіл бөлуде. 

АҚШ Конгрессі Украинаға көмектесуден бас тартты

Фото: АР

Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон америкалық серіктестерін Украинаға қосымша қаржы бөлуге көндіру үшін 9 сәуірде Вашингтонға барды.

"Дэвид Кэмерон Ұлыбритания мен АҚШ-тың АҚШ пен Еуропаның қауіпсіздігі үшін маңызды болып саналатын Украинаны қолдау жөніндегі бірлескен міндеттемелерін растау үшін Вашингтонға барды", – делінген Ұлыбритания үкіметінің мәлімдемесінде.

Дэвид Кэмерон АҚШ-қа сапары кезінде өкілдер палатасының спикері Майк Джонсонмен кездесу өткізе алмады. Кэмерон оны Украинаға қосымша қаржылық көмек беруге көндірмек болған.

"Республикалық спикер сыртқы істер министрімен кездесуден бас тартты", – делінген ақпаратта.

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Джонсон Кэмеронмен келіссөздер жүргізуге бос уақыты жоқ екенін айтқан.

Алайда британдық министрді АҚШ-қа сапары барысында АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп қабылдаған. Кэмерон мемлекеттік департамент басшысы Энтони Блинкенмен де келіссөздер жүргізді.

Дегенмен британдық БАҚ Кэмерон Трампты Республикалық партиядағы ықпалын Украинаға әскери көмекке қосымша қаржыландыруды мақұлдау үшін пайдалануға көндіре алмағанын атап өтті.

Финляндия өз аумағына НАТО әскерін орналастырмақ

Финляндия өз аумағында НАТО әскерлерін орналастыру мүмкіндіктерін қарастырып, одақтас күштердің әрекеттерін зерттеп жатыр. Бұл туралы Финляндия қорғаныс күштерінің жаңа қолбасшысы генерал-лейтенант Янне Яаккола хабарлады.

"Біз әлі нақты шешім шығарған жоқпыз. Бірақ әртүрлі нұсқаларды қарастырып жатырмыз. Финляндияның салыстырмалы түрде мықты қорғаныс күші бар және қазіргі уақытта әскерлерге көмектің қажеті жоқ. Бірақ бұл көмек керек болмайды деген сөз емес”, – деді ол.

Яаккола қазір НАТО-ның командалық құрылымын қалай ұйымдастыратыны және одақтас күштердің Финляндияда қалай әрекет ететіні туралы жоспарлар әзірленіп жатқанын айтты.

Еске салсақ, Финляндия осы уақытқа дейін тұрақты НАТО әскерін талап етпеген жалғыз ел.

Әйелін өлтірді деп айыпталған Симпсон 76 жасында көз жұмды

Фото: Ашық дереккөдерден алынды

Әйелін өлтірді деген күдікке ілініп, артынша ақталып шыққан танымал америкалық футболшы Симпсион 76 жасында қайтыс болды.

Футболшы 1994 жылы бұрынғы әйелі Николь Браун Симпсон мен оның досы Рон Голдманды Симпсондардың Лос-Анджелестегі үйінде пышақтап өлтірді деп айыпталған. 

1995 жылдың қазан айында 11 айға созылған сот процесінен кейін қазылар алқасы Симпсонды ақтады. Прокурорлардың айтуынша Симпсонға қарсы дәлелдердің болуына қарамастан, қазылар алқасы ақылға емес, эмоцияға негізделген шешім шығарған. 

"Климаттың өзгеруіне билік әрекетсіздік танытуда": Швейцарияда бір топ қарт әйел Еуропалық сотта жеңіп шықты

Страсбургтегі Еуропалық Адам құқықтары жөніндегі соты атышулы іс бойынша өзінің алғашқы шешім шығарды.

2000-нан астам қарт әйел, Страсбургте адамдар аптақ ыстық кезінде қиындыққа тап болатынын айтып, топтық сотқа шағымданған. 

Олар, климатың өзгеруіне қатысты әрекетсіздік танытты деп Швейцария билігін айыптады.Олар Швейцарияда жаз мезгілінде аптап ыстыққа байланысты егде жастағы әйелдер далаға шыға алмай қиналатынын алға тартқан. 

Сот Швейцария шынымен де "климаттың өзгеруі жөніндегі конвенциясы бойынша өз міндеттемелерін орындамады" деген шешім шығарған. Осылайша елдегі барлық тұрғынның әсіресе қарт әйелдердің құқықтары бұзылғаны айтылды. 

"Соттың мұндай шешім қабылдағанына әлі де сену қиын. Біз заңгерлерден бұл қаншалықты мүмкін деп сұрадық. Олар тиісті шешім шыққанын алға тартуда", – деді арызданушылардың бірі Розмари Видлер-Уолти.

Нью-Йоркте 40 жылдан бері болмаған жер сілкінісі орын алды

Фото: pixabay.com

АҚШ-тың шығыс жағалауында 4,8 балдық жер сілкінісі болып, оның дүмпулері Нью-Йорк пен оның айналасында сезілді.

Жер сілкінісінің эпицентрі Нью-Йорк қаласынан батысқа қарай 40 миль жерде, Нью-Джерси штатындағы Ливанға жақын жерде болды.

Нью-Йорк пен оның маңындағы аудандарға келтірілген шығын көлемі нақтыланбады. Қазір қаланың өрт сөндіру қызметі оның салдарын бағалауда.

Американың шығыс жағалауында жер сілкінісі сирек кездеседі және бұл Нью-Йорк қаласында соңғы онжылдықтардағы ең күшті жер сілкінісі болған.

Әлеуметтік желі қолданушылары жер сілкінісі Филадельфиядан Нью-Йоркке дейін және шығыс жағалауда Бостонға дейін сезілгенін хабарлады.

Нью-Йорк тұрғындары жер сілкінісі туралы алдын ала ескерту алған.

Талқылау