Интер мен ПСЖ — Чемпиондар лигасы 2025 финалистері: драма, қаһармандар және тарихи мүмкіндік
Фото: Stan.kz
Футболдан кәрі құрлықтың ең басты турнирі УЕФА Чемпиондар лигасының жартылай финалдық ойындары аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2024/25 футбол маусымындағы УЕФА Чемпиондар лигасының жартылай финалдық ойындары жанкүйерлерге шынайы футболдық шоу сыйлады. Миландық "Интер", каталондық "Барселона", париждік ПСЖ және лондондық "Арсенал" — бәрі де финал жолдамасына лайықты болатын. Алайда шешуші сәттерде "Интер" мен ПСЖ өз шеберліктерін дәлелдеп, финалға жолдама алды.
Интер – Барселона
Бірінші матч (Барселонада): Барселона 3:3 Интер
Жауапты матч (Миланда): Интер 4:3 Барселона (қосымша уақытта)
Жалпы есеп: Интер пайдасына 7:6
"Льюис Компанис Олимпиадалық стадионында" өткен алғашқы матч нағыз шабуыл мерекесіне айналған еді. Нәтижесінде екі команда да үш голдан соғып, тең түсті. Каталондық команда сапында Ламин Ямаль мен Ферран Торрес гол соқса, Рафиньяның соққысы “Интер” қақапашысы Ян Зоммердің арқасына тиіп барып қақпаға кіргендіктен автогол ретінде жазылды. Ал “Интер” сапында Маркус Тюрам ойынның алғашқы минутында гол соқса, Дензел Дамфрис дубль авторы атанды.
Миландағы жауапты кездесу де көрермендерді бейжай қалдырмады. Негізгі уақыттағы 3:3 есебі ойын тағдырын қосымша уақытта шешуге мәжбүрледі. Сол сәтте Давиде Фраттези шешуші голды соғып, "Интерді" финалға алып шықты. Соңғы минуттарда Янн Зоммер Ламин Ямалдың қауіпті соққысын қайтара отырып, нағыз қаһарманға айналды. Осылайша "Интер" үш маусымда екінші рет финалға жолдама алды. Миландық клуб Чемпиондар лигасын соңғы рет 2009/2010 жылғы маусымда ұтқан еді. Мадридтегі “Сантьяго Бернабеу” стадиионында өткен ойында мюнхендік “Баварияны” 2:0 есебімен жеңген болатын.
ПСЖ — Арсенал
Бірінші матч (Лондонда): Арсенал 0:1 ПСЖ
Жауапты матч (Парижде): ПСЖ 2:1 Арсенал
Жалпы есеп: ПСЖ пайдасына 3:1
"Эмирейтс" стадионында өткен алғашқы матчта "Арсенал" бірнеше мүмкіндікті пайдалана алмады. Ал ПСЖ қарсы шабуылда өте тиімді ойнап, Усман Дембеле соққан жалғыз голдың арқасында жеңіске жетті.
7 мамыр күні Парижде өткен жауапты матчта Фабиан Руис алыстан бағыттаған соққымен есеп ашты, ал Ашраф Хакими екінші голды салып, ПСЖ-ның басымдығын арттырды. Букайо Сака бір голмен жауап берді, бірақ "Арсеналдың" финалға шығуға күші жетпеді. Қақпашы Джанлуиджи Доннарумма матч соңында бірнеше қауіпті соққыны қайтарып, командасын аман алып шықты. Айта кетейік, Париждік клуб өз тарихында бір рет финалда ойнаған еді. 2019/2020 жылғы футбол маусымында ПСЖ финалда мюнхендік “Бавариядан” 1:0 есебімен ұтылған еді.
Тарихи финалда бізді не күтіп тұр?
Қос команданың Мюнхенмен тарихи сабақтастығы тағы да жалғаспақ. Миландық команда Чемпиондар лигасындағы соңғы финалында мюнхендік “Баварияны” ұтып кубокты еншілесе, париждік клуб дәл осы неміс машинасынан алғашқы финалында жеңіліс тапты. Ал енді қос команда “Бавария” командасының өз стадионы саналатын Мюнхендегі “Альянц Аренада” 2024/2025 жылғы УЕФА Чемпиондар лигасының ақтық сынында жолықпақ. Финалдық ойын 31-мамырдан 1-маусымға қараған түні 00:00-де басталады.

"Үреймен көз іліп, қорқынышпен оянады": Ливан мен Сирияда бітімгер болған қазақ қызы жанкешті оқиғасын бөлісті
