Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Телефонға түсіргені үшін ұстап әкеткен": Құқық қорғаушылар митингіге шыққан азаматтарды тергеу қалай жүріп жатқанын айтты

Қазіргі уақытта елімізде террористік шабуылға байланысты енгізілген төтенше жағдай реттеліп келеді. Сонымен бірге республиканың түрлі қаласында тәртіпсіздіктерге қатысқан адамдарды ұстау мен тергеу қатар жүруде. Ал әлеуметтік желілерде туысының немесе досының хабар-ошарсыз кеткенін айтып, сабылып іздеп жүрген адам қарасы көп. Осыған байланысты республикалық адвокаттар алқасы террористік шабуыл кезінде зардап шеккен тұрғындарға көмектесу үшін тегін сенім телефондарын іске қосқан. Stan.kz тілшісі өз кезегінде әр облыстағы заңгерлермен тілдесіп, тергеу шаралары қалай жүргізіліп жатқанын білді.

Сенім телефондары бүкіл облыс бойынша іске қосылып, білікті заңгерлер халыққа кеңес беру үшін топтастырылған. Республикалық адвокаттар алқасының баспасөз өкілі Айнұр Маратовнаның айтуынша, Қазақстан бойынша 5 мыңға жуық заңгер жұмыс істеуде.

"Заңгерлеріміз күні бойы телефонда отырады. Олар қоңырау шалып, көмек сұраған әрбір тұрғынның шағымына байланысты кеңес береді. Негізінен басымдылық террористік шабуылдар кезінде зардап шеккен адамдарға берілген. Қазіргі таңда жоғалған туыстарын іздеген немесе заңсыз қамауға алынғанын айтып шағымданатындар өте көп. Заңгерлердің басты мақсаты осындай жандарға көмек қолын созу", –  дейді баспасөз өкілі.

"Ұсталғандарға заңгерлерді кіргізбеген"

Ары қарайғы сұрақтарымызға жауап алу үшін әр облыстағы адвокаттарға қоңырау шалдық. Ақтөбе облысы бойынша жауап берген Бауыржан Ермановтың айтуынша, өңірде әлі күнге дейін тергеу жұмыстары жүргізілуде. Алайда ұсталғандардың қандай баппен істі болғанын немесе заңды яки заңсыз ұсталғанын сот анықтайды дейді ол.

"Митингіге барған немесе тәртіпсіздіктерге қатысқан азаматтың үстінен азаматтық іс қозғалса, тергеу жүргізетін орган ол азаматтың заңгер көмегіне мұқтаж я мұқтаж емес екенін анықтауы қажет. Қажет жағдайда олар үкім шығарып, Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасына жолдайды. Біз тиісті заңгерді бекітеміз", – дейді ол.

Ерманов сондай-ақ заңгерлерді ұсталған азаматтарға кіргізбеген жағдайлар кездескенін айтты.

"Құқық қорғау қызметкерлерінің тарапынан қолға түскен азаматтарды заңгерлерімен кездестірмеген жағдайлар болды. Мүмкін бұл сақтық шараларына байланысты болған шығар. Бірақ ол кіргізбеген заңгерлерді азаматтардың туыстары өз бетінше жалдағанын айта кеткен жөн", – деді ол.

"Қамауға алу әлі де жалғасуда"

Атырау облысы бойынша жауап берген заңгер Гүлнәр Жұмағалиева өзіне қоңырау шалушылардың түрлі сұрақ қоятынын айтады. “Тек террористік шабуылдардан зардап шеккендерге кеңес беретінімізге қарамастан, барлығына бірдей көмектесеміз” – дейді ол.

"Сенім телефоны болғаннан кейін маған әртүрлі жағдайлармен қоңырау шалады. Оның ішінде отбасылық тұрмыстарын айтатындар бар. Біз сол тұрғындардың барлығына қолымыздан келгенше көмек беруге тырысамыз", – дейді заңгер.

Гүлнәр Жұмағалиева сонымен қатар аталған облыстағы жағдай туралы айтып өтті. Сөзінше, өңірде әлі де адамдарды қамауға алу мен тергеу жүріп жатқан көрінеді.



"Қазір барлығы шашыраңқы, нақты ақпарат жоқ. Тәртіпсіздіктерге қатысы бар деген азаматтарды әлі де қамап жатыр, тергеп жатыр. Бізге қоңырау шалып туыстарын заңсыз ұстап алып кетті, заңсыз соққыға жықты деп шағымдарын айтатын адамдар бар. Бірақ оны сот анықтайды. Біздің қолымыздан келетіні тек құқықтық кеңес беру", - дейді Жұмағалиева.

Адвокаттардың сөзінен ұққанымыздай, олар азаматтарды қамауға алу жағдайларына құқықтық баға бере алмайды, тек кеңес бере алады. Бүкіл заңгер бұл әрекеттердің заңды не заңсыз жасалғанын сот анықтайтынын айтты.

Заңгер Гүлнәр Жұмағалиева Атырау облысын бойынша өзіне қоңырау шалушылардың барлығы туыстарын кімнің алып кеткенін және оны қайда алып кеткенін нақты білетінін айтады.

"Басқа жақтардан естігеніміздей бетіне маска киген адамдар белгісіз жерге алып кетті деген жағдайлар болып жатыр екен. Бірақ менің жағдайымда ондай оқиғалар болған жоқ. Бізде барлығы біледі. Туыстарын кім алып кеткенін, қайда алып кеткенін. Бұл жерде азаматтың митингіге не себепті шыққанын, оның қандай лозунг айтқанын, тонауға қатысының бар-жоғын анықтайды. Егер кінәсіз болса босатады", –  дейді Жұмағалиева.

Туыстары жоғалған адамдар не істеуі керек?

Шымкент қаласы бойынша жауап берген заңгер Әбдімәлік Жолдасбаев ұсталған азаматтардың сот отырысы тез өтіп кетіп жатқандықтан, тез арада әрекет ету қажет екенін ескертеді.

"Жоғалған туыстарын іздеп жүрген адамдар ең алдымен коммендатураға одан кейін прокуратураға хабарлауы қажет. Содан кейін жоғалған азаматтардың суреттері мен деректерін ұсынады. Қай уақытта жоғалғанын айтуы шарт. Сосын прокуратура шара қолданады. Ең бастысы жылдам әрекет еткен дұрыс", –  дейді заңгер.

Қазіргі таңда республика бойынша жоғалған азаматтардың нақты есебі жоқ. Бұл мәлімет заңгерлерге де беймәлім болып шықты. Тек әлеуметтік желілерде суреті мен аты-жөнін жариялаған хабарламалар өте көп. Жақында құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 4-6 қаңтардағы оқиғалар бойынша зардап шеккен адамдардың тізімін жариялады. Тізім Qantar-2022 платформасында жинақталған.

Тізімде қайтыс болған, қамауға алынған және із-түссіз жоғалған 355 азаматтың жеке деректері шоғырланған.

"Төтенше жағдай уақыты адамдардың құқығын шектейді"

Еліміздің өңірлерінде болған митингтердің бірі Алматы қаласында болып, ол жаппай тәртіпсіздікке ұласқан еді. Қазіргі таңда сенім телефоны бойынша тұрғындар тарапынан көп сұрақтардың осы өңірден келіп түсетінін жоғарыда айтып өттік. Алматы облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Ғалым Нұрпейісов төтенше жағдай уақытында адамдардың қылмысқа қатысы бар немесе жоқ екенін анықтау үшін, қамауға алуға рұқсат берілгенін айтады.



"Алматы облысында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен төтенше жағдай енгізіліп, антитеррористік операция басталды. Осыған байланысты полиция қызметкерлері видеодан түрлерін көрген немесе жәбірленуші суреттеп берген азаматтарды қамап, оларды тергейді. Егер оның қылмысқа қатысы жоқ екені анықталса, олар оны босатады. Сол себепті төтенше жағдай адамдардың құқығын шектейді. Төтенше жағдай кезінде адамдарды қамауға алуға рұқсат бар", –  дейді Нұрпейісов.

Заңгер сонымен бірге қолға түскен адамды уақытша изоляторға қамау үшін бұлтартпас айғақ пен тікелей дәлел қажет екенін қосып өтті. Осыдан кейін барып сот санкция шығарып, кінәсі дәлелденген азаматты темір торға жібереді, дейді ол.

"Телефонға түсіргені үшін ұстап әкеткен"

Ғалым Нұрпейісов азаматтарды заңсыз ұстаған жағдайлар кездескенін ашып айтты. Оның сөзінше, бұл азаматтарды заңгерлердің араласуымен шығарып алған.

"Мұндай жағдайлар өте көп. Ұсталған адамдар өздерінің айыпсыз екенін айтып ақталады, ал кейбір дәлелдер басқаша сөйлейді. Алайда шынымен жазықсыз қолға түскен азаматтар да бар. Митинг болған күні де одан кейін де көптеген адамдарды ұстап әкеткен. Бұл жерде жоғарыда айтқанымыздай қамауға алуға рұқсаттың берілуі әсер етеді", – дейді ол.

Дегенмен заңгер бұл сөзі заңсыздықтың қатты белең алып кеткенінің көрінісі емес екенін жеткізді.

"Адамдарды ұстайды, тергейді және кінәсіз болса босатады. Кейбір қолға түскен азаматтарды біздің араласуымызбен босатып алдық. Себебі олардың тек телефонға түсіріп алған бейнежазбалары үшін ұстап алып кеткені белгілі болды. Бірақ бұл сөздерімізбен полицейлер тек заңсыздық жасап жатыр деп айта алмаймыз. Себебі оларға да оңай емес", - дейді Нұрпейісов.

"Соңғы жағдайлар халықтың құқықтық қорғалмағанын көрсетіп берді"

Алматы облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Ғалым Нұрпейісов көп жағдайларда заңгерлердің құқығына шектеу қойылғанын айтады.

"Соңғы жағдайлар халықтың құқықтық қорғалмағанын анық көрсетіп берді. Мысалы үшін, кез келген заңгер –  уәкілетті заңның өкілі. Ол өзінің заңгерлік көмегін кәсіби түрде ұсынуы керек. Төтенше жағдай енгізілген уақытта заңгерлердің осы кәсіби көмегін көрсетуге біраз шектеулер қойылды. Полиция департаментіне заңгер тергеушінің бақылауынсыз кіре алмады. Бұл – үлкен мәселе. Бізге адамдар хабарласып, таныстарының жағдайын білгісі келген уақытта біз көмектесе алмадық, себебі біздің құқығымыз шектелген. Егер заңгерлер өздеріне хабарласқан адамдар туралы толық ақпарат ала алмаса, бұл халықтың құқықтық қорғалмағанының айқын белгісі", – деді Ғалым Нұрпейісов.

Талқылау