Елімізде тағы да екі облыстан футзал клубы ашылады
Жақында ғана Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі қызметіне кіріскен Нұрсұлтан Құрман осындай инсайд бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "FutsalKazakhstan" youtube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: olympic.kz
Журналист Құрманның бағдарламаға берген сұқбатында оңтүстік өңірлерден тағы екі футзал клубы ашылатынын хабардар етті. Өз кезегінде бұл командалар футзалдан Қазақстан чемпионатының жоғары дивизионында өнер көрсетуге тырысады.
"Қызылорда облысы жаңа футзал клубын ашатынын мәлімдеді. Біз бұл туралы өңірге келген жаңа спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаевпен кеңінен талқыладық. Қазір Түркістан облысының басшылығымен де келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұйырса, келесі жылы Түркістанда "Тұран" футзал клубы құрылады, өйткені қалада сапалы "Olympic Center" спорт кешені бар. Ең бастысы оңтүстікте футзалға бейім сапалы ойыншылар көп, әрі халық бұл спортты өте жақсы көреді", – деді Нұрсұлтан Құрман.
Бұған дейін, елімізге танымал спорт журналисі әрі тележүргізуші Нұрсұлтан Құрманның Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі болып сайланғанын айтқан едік.