Экологтар Бурабайдағы Үлкен Шабақты көліндегі балықтардың өлуіне қатысты қорытынды шығарды
Ақмола облысы Экология департаментінің және Балық шаруашылығы ғылыми-тәжірибелік орталығының Солтүстік филиалы мамандары "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Үлкен Шабақты көлінде балықтың өлуіне қатысты зерттеу қорытындысын жолдады, дер хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Зерттеу қорытындысы көрсеткендей, Үлкен Шабақты көлінде балықтың өлуіне адами фактордың әсері жоқ. Балық көл түбінен шыққан табиғи газдан немесе су қоймасындағы өсімдіктердің маусымдық гүлдеуінің әсерінен өлуі мүмкін.
"Балық қырылған аймақта антропогендік әсер анықталмады. Бұл аумақта өнеркәсіптік кәсіпорындар мен елді мекендер жоқ",– деп түсіндірді Ақмола облыстық Экология департаменті зертханалық-аналитикалық бақылау бөлімінің бастығы Максим Шлымов.
Су қоймасын зерттеу барысында "Бурабай" МҰТП ихтиологымен бірге көлдің үш жеріне Марк-302м еріген оттегі анализаторы құрылғысы арқылы еріген оттегінің мөлшерін, қанығу деңгейін және температуралық жағдайын анықтау үшін зерттеу жүргізілді.
"Үш сынамада да көрсеткіш нормаға сай болып шықты, балықтың өлуіне әсер етуі мүмкін қауіпті деңгейге жеткен жоқ. Қырылған балықтардың желбезегі мен ішкі ағзаларының патологиясын және өлуіне себеп болуы мүмкін басқа да белгілерді анықтау үшін тексеру жүргізілді. Ешқайсысынан көзге көрінетін патология анықталмады, желбезектері қызыл, ішкі ағзаларында (бауыр, ұйқы безі, өт қабы және т.б.) көзге көрінетін өзгеріс жоқ, түсі мен көлемі табиғи қалпында”, – деді "Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы" ЖШС Солтүстік филиалының ғылыми қызметкері Денис Бурков.
Су қоймасына шаруашылық-тұрмыстық судың құйылмағанын, сондай-ақ көлдің тектоникалық табиғатын ескере отырып, балық су түбінен табиғи газдың шығуынан өлуі мүмкін.
Дегенмен "Бурабай" МҰТП дирекциясы көлді тереңірек зерттеу және қосымша ғылыми жұмыс жүргізу туралы шешім қабылдады. Осыған орай қыркүйек айында Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының тобы келмекші.