Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екі адам өлтіргенге жеңіл жаза": Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан археологтың інісі үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірмек

Қаңтар оқиғасы кезінде археолог Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановқа оқ атқан подполковник Айтжан Әубәкіровқа үкім шықты. Алайда сотталушының жақындары мен адвокаты шешіммен келіспейді. Жәбірленуші тарап та екі адамды азаптап, өлтіргені үшін берілген жаза аз деп санайды. Stan.kz тілшісі сот отырысынан хабарлайды.

Фото: Stan.kz

Қаңтар оқиғасы кезінде 49 жастағы Ерлан Жағыпаров 6 қаңтарда жоғалып кеткен. 12 қаңтарда оның денесі мәйітханадан қолына кісен салынған, аяусыз соққыға жығылған, жүрек тұсынан оқ атылған күйде табылған. Сот мәліметінше, Әубәкіров 2022 жылы 6 қаңтарда Алматы қаласында Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановқа оқ атқан. Сот барысында медициналық сараптама нәтижелері айтылды. 30-дан астам куәгер сұралды. Сотталушының өзі кінәсін мойындамады. 

Аталған іс бойынша алғашқы сот отырысы 2024 жылы 19 желтоқсанда басталды. Алайда бірнеше сот процесінен кейін сот жабық режимде өтті. Журналистер сот залына кіргізілмеді.

7 ақпанда Ұлттық ұлан 5571 әскери бөлімінің подполковнигі Айтжан Әубәкіров Қылмыстық кодекстің 451-бабы 2-тармағы “Билікті асыра пайдалану” бойынша сотқа 7 жылға сотталды. Әубәкіров жазасын орташа қауіпсіздіктегі мекемеде өтейді. Ол Ерлан Жағыпаровтың отбасына 20 миллион теңге төлеуі қажет. Сондай-ақ Әубәкіровты сот шенінен айырды. 



Сот үкімінде Қаңтар кезінде әскерилерге бүлікшілерге оқ атуға рұқсат берілгені айтылады. Ал Әубәкіров билігін асыра пайдаланып, Тәуелсіздік монументінің жанында Жағыпаров және Қапсалановқа кісен салды. Олардың физикалық қарсылық таныта алмайтынын пайдаланып, соққыға жығып, тепкен. АК-74 қаруымен арқасын және денесінің төменгі жағын ұрған. Шамалы уақыттан соң Жағыпаровтың оң қолын босатып, сол қолын шешпек болған кезде Жағыпаров оны итеріп, Қапсалановпен бірге Сәтпаев көшесіне қарай қашты. Осы сәтте Әубәкіров оларды артынан қуып, билігін асыра пайдаланды. Нақтырақ айтса, қару қолданатынын ескертпей, 10 рет оқ жаудыртты. Оқ атылғаннан соң жоғарыдағыларға бұл туралы ескертпеген, яғни өлімнің алдын алуға әрекет жасамады. Жағыпаров пен Қапсалановтың шабуылдаушы топтан емес екенін, қаруы жоқ екенін біле тұра, тіпті олардан ешқандай қауіп көрмесе де, қасақана түрде 10 метр қашықтықтан АК-74 қаруымен оқ атты. Салдарынан екі жәбірленуші оқиға орнында мерт болды.

Фото: Stan.kz

“Әскерилер болмаса, елімізге жау шауып, бәрін жаулап алсын ендеше!

Сот үкімі оқылған соң сотталушының жақындары көздеріне жас алып, шешім әділетсіз екенін айтты.

“Бүлікшілер! Олар бүлікшілер еді, белсенділер жүрді. Әскерилер болмаса, елімізге жау шауып, бәрін жаулап алсын ендеше! Олар әскерилердің бастарын жарды, аяқтарын ұрды. Ендеше көтерілістер көбірек болсын, бәрін өртеп, жандырсын. Осы әскерилер болмаса, бәрін өлтірер еді. Мемлекетке қызмет еткен адамларды кінәлі еттіңіздер”, – деп айқайлады сотталушының анасы.

Сотқа қатысқан белсенді де айқайға салып, “Олар қарусыз адамдар болған!” деді. Сот белсендіні сот залынан шығарып, түсініктеме жазуды талап етті.

Әубәкіровтың адвокаты не себепті шешіммен келіспейтіндерін түсіндірді.

“Сот шешімді болжамдарға сүйеніп шығарған. Сот тергеуінде біз нақты материалдарды ұсындық. Сот-медициналық сараптама Жағыпаровтың арқасынан оқ атпағанын көрсетті, арқадан оқ тиген жоқ. Шешіммен келіспейміз”, – деді сотталушының адвокаты.

“Бірнеше адам өлтіру” бойынша сотталуы керек”

Марқұмның інісі Нұрлан Жағыпаров Әубәкіровке қатысты іс “Билігін асыра пайдалану” емес, “Бірнеше адамды өлтіру” бабы бойынша тергелуі керек еді деп санайды. Бірақ судьяның шешіміне қатысты ештеңе айта алмайтынын, судья аталмыш бап бойынша ең максималды жаза бергенін айтады.

Фото: Stan.kz

“Қуаныштымыз дей алмаймын, бірақ әділдікке бір табан жақындадық. Митингке қатысы жоқ екі бейбіт тұрғынға оқ атқаны үшін жеңіл жаза деп санаймын. Енді бапты “Адам өлтіру” деп ауыстыруды сұрап апелляциялық шағым түсіреміз. Біз әділдік үшін күресімізді тоқтатпаймыз”, – деді марқұмның інісі.

Сөзінше, “Ұрып-соғу” дерегі бойынша тергеу әлі жүріп жатыр екен. Ол үшін кейін бөлек сот болмақ.

“Өтемақы Қазақстанның петроглифтерін дамытуға беріледі”

Олар моральдық өтемақы ретінде 50 миллион теңге талап еткен. Бірақ сот 20 миллионын қанағаттандырды. 

“Ол ақшаны сотталушы бере ме, белгісіз, бірақ моральдық өтемақы менің қалтама емес, еріктілер қозғалысын дамытуға беріледі. Яғни ағам Ерлан өмірін петроглифтерді зерттеуге арнады. Қаражат петроглифтердің зерттеуін жалғастыруға беріледі. Мемлекет “бейбіт тұрғындардың қазасы” үшін берген ақшаны да соған бердік”, – деді Жағыпаров. 

Еске салсақ, Қаңтар оқиғасы кезінде 49 жастағы жоғалып кеткен алматылық азаматтың денесі табылған. Кейіннен оның археолог Ерлан Жағыпаров екені белгілі болды. Ерлан Жағыпаровтың інісі Нұрлан Жағыпаров ағасын атқан адамның белгілі болғанын мәлімдеген еді.

Кейін Қаңтар оқиғасы кезінде археологқа оқ атқан подполковник 7 жылға сотталғаны мәлім болды. 

Талқылау