Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дөңгелек жөндеу орталығын мүгедек баласымен пана еткен әкенің оқиғасы: Қайырымды жандар елордалық азаматқа үй алып берді

Нұр-Сұлтанда мүмкіндігі шектеулі перзентімен бірге дөңгелек ауыстыру бекетінде тұрып келген Вячеслав Дружинин Рамазан айында баспаналы болды. Оған еріктілер бар-жоғы бір аптаның ішінде қажетті қаражатты жинап, екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Халықтан мұндай жомарттықты күтпеген әке өзіне көмек қолын созған барша қазақстандықтарға алғысын білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Қорғалжын ауданының тумасы 39 жастағы Вячеслав Дружинин жұрттан көмек сұраймын деп ешқашан ойламаған. Көліктерге қызмет көрсету орталығында жұмыс істейтін азамат осы кезге дейін 2 баласын тірнектеп еңбек етіп, асырап келіпті. Бірақ қаңтар айында келіншегі аяқасты дүниеден өтіп, тұрмысы мүлде қиындап кеткен.    

Вячеслав желіге видео жүктегеннен кейін оның өмірі түбегейлі өзгерген. Екі ұлымен далада қалған оған еліміздің түкпір-түкпірінен қоңырау келе бастады. Жомарт жандар жылу жинап, үй алудың қамына да кірісіп кеткен. Бірақ екінші тарап қамқор әкені алаяққа теңеп, оған күйе жақты. Жалғызбасты әке өзін айыптағандарға былайша жауап берді.   

"Мүмкін, көре алмайтын шығар. Осы адамдардың маған көмектескеніне қызғанып, осылай жазып жатқандар ғой. Ондай ойым жоқ. Балам қасымда міне, көріп тұрсыздар. Өмір бақи қасымда болады. Мен нені жеймін, ол да соны жейді. Баланы ешқайда тапсырмаймын. Ешқайда қалдырмаймын", - деді Вячеслав Дружини. 

Көмек бастапқы кезде Вячеславтың қарындасы Анжеланың шотына жиналған. Себебі ер азаматтың төленбеген несиесі болғандықтан, банк барлық карталарын бұғаттап тастапты. Міне, жомарт жандар осы қарыздарын да толық жауып берген. Есепшоттарын ашуға да қолғабыс еткен.   

"Ағам осылай қиын жағдайға тап болды. Жеңгем қайтыс болды. Кішкентай баласы қолында қалды. Барынша көмек беруге тырыстым, бірақ менің де 5 бала-шағам бар. Көбісі маған хабарласып, біз саған шағымданамыз, учаскелік испектор жібереміз, жердің астынан тауып аламыз деп жатты. Мені жердің астынан іздеудің қажеті жоқ. Мен жердің үстінде жүрмін. Ағамның қасында жүрмін. Мақсаттың қасында жүрмін", -деді Анжела Аяғанова.


"Біз де бақытты болғымыз келеді": Қызылордалық мүмкіндігі шектеулі жандар жарқын өмір үшін күресуде


7 тәуліктің ішінде еліміздің қайырымды жандарынан Вячеславтың шотына 25 млн теңгеге жуық қаражат жиналды. Одан бөлек, өзінің есімін атағысы келмеген жомарт кісі жалғызбасты әкеге су жаңа темір тұлпар мен ұлының бір жылдық емін төлеп беруге уәде берген.    

"Осы халықтан жиналған ақша 24 млн 700 мың теңгеге жетті. Соның 23 млн теңгесіне баспана алдық. Осы үйдің қожайынына көп-көп рахметімізді айтқымыз келеді. Барлық дүниесімен бізге қалдырып, сәбиге осы ораза айында істеген садақасына біз алғысымызды білдіреміз", - дейді қала тұрғыны Күнсұлу Ибраева.    

Жалғызбасты әкенің ендігі арманы ұлын аяқтан тұрғызу. Ол үшін де жомарт жандар қажетті қаржыны төлеп берген. Емдеу орталықтары да Мақсатты құлан таза айықтыруға дайын. Ал бір жұманың ішінде үйлі болған Вячеслав әр отбасы баспаналы болсын деген тілегін де айтып қалды.

Еске салайық, бұған дейін сал ауруына шалдыққан бала дөңгелек жөндейтін жерде тұратын елордалық азамат жайлы айтылған еді. 

Талқылау