Елімізде мектеп бағдарламасына жаңа пән енгізу ұсынылды
Сенат депутаты Евгений Больгерт премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында мектеп бағдарламасына "Қаржы сауаты" пәнін енгізуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: www.bgpk.kg
Депутаттың сөзінше, елімізде интернет алаяқтығы – қылмыстың ең көп таралған түрлерінің бірі және жалпы қылмыс деңгейінің 15%-ына тең. Кейінгі жеті жылда Қазақстанда интернет алаяқтық фактілері он есе өсті.
Былтыр азаматтарға осы қылмыстан келген шығын мөлшері 21 миллиард теңгеден асқан.
“Алаяқтар азаматтардың қаржылық сауатының төмендігін пайдаланып жатыр. Біз қазір себебімен емес, салдарымен күресіп келеміз. Халықтың жартысына жуығы қаржы туралы ақпаратты әлеуметтік желіден алады, ал 13%-ы бұл тақырыпқа мүлде қызықпайды. Ал дамыған елдерде қаржы сауаты пәні мектеп бағдарламасына еніп қойған”, – деді депутат Больгерт.
Сенатордың айтуынша, ең кең тараған интернет алаяқтығы түрлеріне тауарлар мен қызмет туралы жалған хабарландыруды әдейі онлайн орналастыру, банктер мен құқық қорғау органдары қызметкерінің атынан қоңырау шалу арқылы азаматтардың шотынан ақша ұрлау жатады.
“Кейінгі кезде баршаға белгілі WhatsApp және Telegram мессенджері арқылы алаяқтық жиілеп барады. Алаяқтар түрлі технологияларды қолдана отырып, алдау арқылы азаматтардың смартфондарын қашықтан игереді және олардан жалған хабарлама, ақша аударымы, қайырымдылық төлемдерін ұйымдастырады. Deepfake сияқты технология бүгінде кез келген адамның дауысы мен сыртқы келбетін қолдан оңай жасауға мүмкіндік беріп отыр”, –деді сенатор.
Цифрлық даму министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бүгінде Қазақстанда дербес деректерге қол жеткізе алатын бір жарым миллионнан астам оператор бар. Дербес деректердің үнемі таралып кетуі жеке ақпараттың сақталуына жауапкершілік деңгейін күшейту қажетін көрсетеді.
Осыған байланысты Евгений Больгерт дербес деректерді жинау, өңдеу, сақтау және қорғау талаптарының сақталуына бақылауды қатаңдату, сондай-ақ операторлардың осы ақпараттың сақталуын қамтамасыз етудегі жауапкершілігін арттыру жөнінде ұсыныс енгізді.
Сондай-ақ сенатор қаржы сауатына азаматтарды мектеп жасынан бастап оқыту қажет деп есептейді.
“Жаңа қауіп-қатерді ескере отырып, халықтың қаржылық және цифрлық сауатын арттыру жөнінде кешенді бағдарламалық құжат әзірлеу, оның ішінде шетелдік практикаға сүйеніп, мектеп бағдарламасына "қаржы сауаты" пәнін әзірлеп, енгізу керек”, – деп ұсынды депутат Больгерт.
Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты елдегі су тасқыны мен экологиялық мәселелерге қатысты сауал тастап, суды ұстап тұратын жасанды материалдан жасалған бөгеттердің қоршаған ортаның ластануына әкеп соқтыратынына баса назар аударды. Мақсат Толықбай Қазақстан мектептеріне экология бойынша жеке пән енгізуді ұсынғаны турады хабарлаған едік.