Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Jana Q kashan?”: Сән көрсетілімінде "бүлік шығарған" қызды подиумнан шығарып тастады

Әлеуметтік желіде Алматыда өткен сән апталығында модель қыздардың бірінің “Jana Q kashan?” деген жазумен ортаға айғайлап шыққан видеосы тарады. Мұны көрген желі қолданушылары ерекше әсер алғанын, кейбірі көз жасына ерік бергенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

1-3 мамыр аралығында Алматыдағы Ritz-Carlton қонақүйінде Visa Fashion Week Almaty 2024 сән көрсетілімінің 9-маусымы өтті. Сән көрсетілімінің тақырыбы – Escape The Ordinary. Отандық дизайнерлерден бөлек Қырғызстан, Өзбекстан мен Грузияның сәнгерлері өз өнерін паш етті. 

Көрсетілім барысында модель қыздардың бірі “Jana Q kashan?” деген жазумен ортаға айғайлап шыққан. Кейін оны екі ер адам қолтықтап, подиумнан шығарып тастады. 

Болған жағдайға қатысты отандық “Qanaker” брендінің негізін қалаушы, жас сәнгер Алмас Керімбек әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. Оның айтуынша, мұның бәрі – ойластырылған қойылым.

“Жаңа Q қашан? Жаңа Qanaker қашан? Видеодағы көріністің бәрін қойылым деп қабылдаңыз, ал көрсетілім кезінде ешкім зардап шеккен жоқ. Видеодағы жағдай жаңа топтаманың тұсаукесері аясындағы спектакльдің бір бөлігі екенін еске саламыз. Шоу барысында кәсіби модельдер мен актерлер сценарий бойынша жұмыс істеді. Сән деген – өнер, ал өнер – бүлік. Бүліктің әділетсіздікке жаны мәңгі қарсы. Бүлікшіл адам теңдік деп жар салса да, теңсіздік жайлаған қоғамда пайда болады. Бұл топтама жаңа мәдениет жасауға ұмтылған ішкі толғаныстан туды. Сән – өмірдің өзі.

Іштегі рух қапасынан еркіндікке ұмтылған мәдениеттің көрінісі. Ал өмір әділетсіздікке толы. Әділетсіздікке қарсылық – өнер. Сән де қарсы тұрады. Бұл топтамада қазіргі заман адамының ішкі бұлқыныстарын, рухының еркіндігін көрсеткіміз келеді. Бүлікшіл болу бүліну, қоғамды бүлдіру емес”, – деп жазды сәнгер өз топтамасына қатысты видеоға түсініктеме беріп. 

Сондай-ақ Алмас Керімбектің жаңа топтамасында модель қыздардың подиумға зардап шеккен әйелдердің образында шыққанын байқауға болады. 

Фото: Видеодан скрин

Талқылау