Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"10 млн теңге ұтысын ала алмай қалған": Букмекерлік кеңсеге қарсы сотта жеңген адвокат қазақстандықтарға бұл жағдайда не істеу керек екенін айтты

Соңғы уақытта түрлі азарттық ойындар мен ұтыстардан зардап шеккен қазақстандықтардың саны артып келеді. Букмекерлік, қаржы пирамидалары ұйымдарына ақшасын тігіп, құр алақан қалатындардың легі толастар емес. Мамандар бір ауыздан мұны азарттық тәуелділік екенін айтады. Жақында букмекерлік кеңсеге қарсы сотты жеңген адвокат Жанна Уразбахова азаматтарды ұтыс ойындарынан аулақ жүруге шақырады. Маман арнайы Stan.kz редакциясы үшін сұхбат беріп, букмекерлердің арбауына түскен қазақстандықтарға не істеу керектігін айтып, кеңестерін бөлісті.

букмекер

Адоват Жанна Уразбахова қазақстандықтар тарапынан полиция қызметкерлерінің заңға қайшы іс-әрекеттеріне байланысты шағымдар жиі түсетінін айтады. Оның айтуынша, Қазақстанда істердің ақтау шешімімен аяқталуы өте сирек кездесетін жағдай. Барлық істердің 1 пайызы ғана кінәліні ақтаумен бітсе, қалғандары айыпталады, дейді маман.

Сондай-ақ, адвокат қазіргі уақытта сот процесіне алқабилердің қатысуының да көрсеткіші өте төмен екенін айтады. Тек аса ауыр қылмыстар ғана сотталушының арызымен қарастырылады. 

"Соңғы уақытта азаматтарға қатысты алаяқтық фактісі бойынша шағымдар көбеюде, оның ішінде қаржы пирамидалары көп. 

Букмекерлік кеңсеге қатысты ісім маусымда басталды. Маған көмек алуға жүгінген клиент ұтыс қойған. 10 млн теңге көлемінде ұтқан. Ұтып алғаннан кейін букмекерлік кеңсе ұтыс төлеуден бас тартып қана қоймай, клиенттің ұтысқа қойған қаражатын да қайтармаған. Осыдан кейін біз букмекерлік кеңсеге сотқа дейінгі шағым жібердік. Олар шағымға тиісті жауап бермей, назарларына ілген жоқ. Бұдан кейін біз сотқа жүгіндік. Қазан айында сот өтіп, букмекерлік кеңседен клиентім ұтқан қаражатты өндіріп алуға шешім шықты. Осылаша сотта жеңіске жеттік", - дейді маман. 



Айтуынша, осы уақытқа дейін де бірнеше рет әртүрлі букмекерлік ұйымдармен, оның ішінде ірілерімен де соттасқан.

"Көбінесе, сот букмекерлік кеңселердің ішкі тәртіп пен заңдары негізгі заңнан жоғары деп ескеріп, солардың жағына шығып кетеді", - дейді ол. 

Адвокат ұтыс қоймауға, сенімсіз букмекерлік кеңселерге мүлдем жоламауға кеңес береді.

"Біріншіден ұтыс сияқты азарттық ойындардан аулақ жүруге шақырамын, мұндай "табысты" қолдамаймын. Екіншіден, егер букмекер сізге ақшаны қайтарып беруден бас тартқан жағдай болса, жазбаша түрде сотқа дейінгі шағым жіберуіңіз тиіс. Бұл жағдайда тиісті әрекеттер қабылданбаса, төлем жасаудан бас тартқаны бойынша сотқа жүгінуге тура келеді", - дейді Жанна Уразбахова. 

Микрокредит, қаржылық ұйымдарға қатысты келісімшартқа отырмас бұрын ережелерді, шарттарды егжей-тегжейлі оқып шығу керек, дейді маман.

"Қазақстандықтардың көбінің проблемасы - ешқандай шарттарды қарастырмай жатып, келісімге келеді де, кейін төлегілері келмеуінде. Бастапқыда микрокредиттік ұйымдардың мөлшерлемесі жоғары болатынын түсіну керек, оны төлей алмай қалуыңыз әбден мүмкін екенін ұғынған жөн. Сондықтан басқа нұсқаларды қарастырып көру керек", - дейді ол.  

Талқылау