Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басқа елдің азаматтары қазақтың қыздарын алуды армандайды": Нью-Йоркте тұратын жерлесіміз Қазақстанға не жетпейтінін айтты

34 жастағы Ботагөз Коман Қызылорда қаласының тумасы. АҚШ-қа 2006 жылы көшіп кеткен. Қазіргі уақытта Нью-Йоркте тұрып, жұмыс істейді. Ботагөз Stan.kz журналисіне берген сұхбатында не себепті Отанынан көшкенін, АҚШ-тағы өмірі және қазақстандықтарға айтар кеңестерін бөлісті.

Жұмыссыз қалмайын деп, студент кезімнен еңбек еттім

Қызылордада Тасбөгет қыстағында туып өстім. Мектепте үздік оқығандықтан, оқу маған ешқашан қиын болған емес. 2004 жылы Қорқыт ата университетіне ағылшын тілінің аудармашысы мамандығы бойынша түсіп, 2008 жылы университетті қызыл дипломмен бітірдім. 

Біздің курста қызыл дипломға бітірген екі студент болды: бірі профессор мұғаліміміздің баласы, екіншісі мен болдым. Алайда  мен дипломды табыстау салтанатына бара алмадым, себебі бірден жұмысқа шықтым. Жұмыс табу қиын болады деп ойлап, алты ай бұрын жұмыс іздегенім тағы бар. Осылайша Қызылордада мұнай компаниясына жұмысқа тұрдым. Одан соң Алматыда да мұнай компаниясында қызмет еттім.

Кейін Америкаға кетуді армандап, визаға құжаттарымды тапсырдым. Мұнда Вирджиния штатында университетте оқыдым. Осылайша АҚШ-та біржолата қалуды шештім. Тұрмысқа шығып, осында балалы болдым.

Нью-Йорк штаты арқылы National Geographic журналында төрт жыл қазақ тілін білгенімнің арқасында редактор ретінде жұмыс істедім. Сол арқылы редакторлық білімімді арттырдым десем болады. Соның әсерінен жер, табиғатқа, оны пайдалануға деген көзқарасым толықтай өзгерді. 

 

Егер менен оқытушы талап етпесе, мен оқымайтын едім

"Бір тіл білген бір адам, екі тіл білген екі адам" дегендей көп тіл білу өмірде бірталай артықшылықтарды алуға себеп болды. Ата-анамның осы кеңесі мен жолдауы дұрыс болды деп ойлаймын. Тілдің арқасында жаман болған жоқпыз, басқа елдің әдебиетін де оқып шықтық. 



Әрине, бұл мені оқытқан мұғалімге де байланысты болды. Егер менен оқытушы талап етпесе, мен оқымайтын едім. Осы бағытты ары қарай дамытып, ізденіс жасаған еңбегімнің нанын жеп жатырмын. Қазақ тілі, ағылшын, француз тілдерін жетік меңгергенмін. Түрікше, өзбекше, башқұртша да деңгейім жаман емес. Осы орайда, жастарға айтар кеңесім, әлеуметтік желілерге уақыт құртпай, тіл үйреніп, кітап оқыңдар!

 

"Сен қазақсың, шыққан жеріңді ұмытпа"

АҚШ-та 50 штат бар, әрқайсысында қазақ диаспорасы тұрады. Нью-Йоркте Қазақстаннан келген жерлестеріміз қазақ тілі, тарихы, мәдениеті, домбыра сабақтарын жасап жүрді. Осы арқылы "Сен қазақсың, шыққан жеріңді ұмытпа" дегендей жолдау жасайды. Қазақ диаспорасы ұйымшыл, алайда қаржы жағынан қиындықтар болып тұрады. Бұдан да берік ұйымшылдық болса деген үміт бар. 

Былтыр шілде айынан қыркүйек айына дейін біз Америкада қаражат жинап, қиналған қазақ халқына көмек бердік. Бетперде, санитайзерлерді, жасанды тыныс алу аппарат сатып алып, беріп жібердік. Мені сол кезде хайп ұстаған деп, ақшаны өз қалтасына салады деп жұрт сенбей бірталай реніштерін айтқан. 

Қазақстан үкіметі от шашу жасап, тойлап жатқанда мен халқымның қиналғанын көріп, жүрегім қатты ауырды.  Біз осында қор ашып бірталай жұмыс істеп, елімізге қолдан келгенше көмек жасадық.
 

Көзі ашық қазақ жастарына өсуге ешқандай мүмкіндік жоқ

Қазақстанда көзі ашық, оқыған қазақ жастарға өсуге ешқандай мүмкіндік жоқ. Тек "әке", "көке" деген схемамен өсуге болады. Өз біліміңмен жақсы жұмысқа орналасу қиын. Ол үшін ақша беруің керек, танысың болу қажет. Қазақтың маңдайалды жастарының көшудегі себептерінің бірі осы, деп ойлаймын. 

Жағдайың жасалып жатса, бюрократия болмаса, жемқорлық жасалмаса, ешкім Отанын тастап кетпейді. Қазақ еліне көмегін әкелетін, болашағын ойлайтын, Отанына жаны ашитын жастарды кетуге итермелейтін жемқорлық болып отыр. Біз сияқты жастардың жағдайын жасап, қолдап жіберсе, ешкім ешқайда бармайды.

Қазақстанда қалып, оның болашағы үшін жұмыс істер едік. Бірақ керісінше, жолымызды жауып тастайды. Сонда біз не үшін оқыдық? Жұмыс істедік? Бала-шағымызды асыруымыз қажет емес пе? Амал жоқ, басқа елге баруға тура келеді. Басқа елге арман қуып емес, амалдың жоғынан барасың. Қазақстанда-ақ, жұмыс істеп қалар едім. Бірақ маған ондай мүмкіндік берілмеді. 

Мың жерден ақылды адам болсам да, мені ешкім бағаламайды. Себебі "тіреп тұрған" көкең жоқ, сондықтан жұмыстан шығып, не болмаса уақытша жұмыс істейсің. Басқа біреудің қарындасы, не қызы университет бітіріп келсе, орныңды соған беріп, сені "бір теуіп" шығара салады. Басқа жерге барсаң, онда да 1-2 жылдан соң шығарып жібереді. 

Амалдың жоғанан басқа елге кетуге мәжбүрміз

Қазақтарды ақылды халық деп санаймын. Бізде ақылды адамдар көп, халықтың интеллекті де жақсы жетілген. Көзі ашық адамдарға өсуге мүмкіндік бермейтіндер - жоғары билікте отырғандар. Жүйені өзгертсе ғана қазақ халқы дамиды.

Сондықтан жастар білімді де, мүмкіндікті де басқа елден іздейді. Біз амалдың жоғынан басқа елге көшуге мәжбүрміз. Басқа елде сұлтан болғанша, өз елімде ұлтан болғым келеді, бірақ амалым қанша? Қазақстанға барсам, менің өсуіме ешкім көмек бермейді. Сол себепті Америкада болуға мәжбүрмін. 

Елдегі жүйе дұрыс емес: демократия деген аты ғана. Қазақ халқының қазіргі идеологиясы да дұрыс емес. "Бізді басқаратын адам керек" деген ой - құлдық сана. Адам өзін-өзі басқарады. Осындай ойлау жүйесін тастамайынша, біздің халық ешқашан өзгермейді. Сондықтан идеологияны өзгерту керек. Еуропада, Америкада әркім өзінің патшасы. Олар: "Өміріңді өзгерткің келсе, өзіңнен баста" дейді. 

Қазақ халқына айтарым, біз көптеген азаптан, қиындықтан өттік. Қаншама рет елімізді тарихынан, тілінен айырғысы келді, басқа ұлттармен араластырғысы келді. Алайда бабаларымыз берілген жоқ, жарқын болашаққа сенетін азаматтары болды.  

 

Қазақ болғанымды мақтан етемін

Менделеев кестесіндегі 80 пайыз элемент қазақтың жерінде бар. Екатирина II сөзінде: "Қазақтар өздерінің кім екенін білсе, әлемді жаулап алар еді" дейді. Қазақ болғанымды мақтан етемін, біздің халық керемет халық деп ойлаймын. 

Алайда қазақтар ойлануы керек. Ел ішіндегі қара басты ойлау, бюрократиялық идеологияларды бұзу қажет. Қазір ел халық қамын ойлап, Отаны үшін пайдалы іс істесем деген депутат жоқ. Ел бюджеті есебінен қалай жеп-ішсем екен дейді. Мәселен, маған "Бота, депутат боласың ба?" десе, мен мың рет ойланар едім. Бұл қызметті атқара алам ба деп өзіме сұрақ қояр едім. Себебі депутат өзін ойламайды, халқын ойлайды. "Қайтіп байысам, үй сатып алсам?"деген сияқты емес, "бұл жұмысты атқара алам ба?" деген ой болуы керек. 

Егер менің мүмкіндігім келсе, білім, басқару жүйесін өзгертер едім. Алайда менің ешқандай күшім жоқ. Қазақстанға барып, жүйеге қарсы шықсам, онда маған және жанұяма зияны келеді. Осында сырттай қарап, қаржылай көмек жасағаннан басқа еш көмек бере алмаймын. Менің қолымнан келетіні - білім алып, оны келешекте Қазақстанға келіп беру. Одан басқа "Free kazakhs" аталатын қазақтар құрған ұйымымыз бар, қайырымдылықпен айналысады.

 

Қазір Қазақстан жайлы көп америкалықтар біледі

 

Жұмыс бабымен қазақстандық әнші Димаш Құдайберген мен боксшы Геннадий Головкинмен жұмыс істедім. 

Әр елдің оқыған, оқымаған деген сияқты топтары болады. Он жыл бұрынғымен салыстырсам, қазір Қазақстан жайлы көп америкалықтар біледі. Мұның себебі - Америкаға қазақстандықтардың көптеп көшуі, туристердің баруы болуы мүмкін.

Америкада азаматтар заңды қатты бағалайды, тыңдайды. Қазақстанда ондай жоқ. Ер адам отбасының шырқын бұзып, тұрмыстық зорлық көрсетсе, жазасыз қалады. Бізде, Америкада, күйеуің ішіп келіп, отбасыңның мазасын алған жағдайда полицияға қоңырау шалсаң, құқық қорғау қызметкерлері бірден оны келіп түрмеге алып кетеді.

Мұнда халыққа арналған ипотека арзан, 3,2-3,5 пайызбен беріледі. 

 

Қазақстанда дінді басып-жаншу керек

Қазақстандағы шымбайыма батып жүрген тағы бір көрініс - дін мәселесі. Бәйбіше, тоқал ұғымдарын дұрыс түсінбей жүр, өздерінің пайдасына ғана қолданып жүр. Қазақтар әу баста жесір қалған, көмек керек болған әйелдерді тоқал етіп алған. Ол заманда әйел адамның жұмыс істеуге көп мүмкіндігі бола бермеген. 

Араб мемлекетерінде 9, 10 жастағы қыздарды үлкен ер азаматтар әйелдікке алып, жыныстық қатынасқа мәжбүрлейді. Бұл педофилия болып саналады. Бізде де қазір діннің атын жамылып, педофилдік іс-әрекеттерін жасап жүргендер көбейіп кетті. Одан бөлек, қыз-келіншектерді тұрмысқа алып, "талақ" айтып тастап кететіндер жайлы да естіп жүрміз. Одан сақ болу керек.

 

Қыз бала - құл емес

Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ қыздары ерлерге қарсы шығатындай дәрежеде болған. Қазақ халқының діні ислам емес, тәңіршілдік еді. Адам өз таңдауы болған кезде ғана өседі, ғылымда жаңалық ашуға деген күші болады. Егер, "сен қызсың, былай істеме, мынаны киме" деп айтсаң, ол қыз емес, "малай" болып өседі. Дінге ешқандай қарсылығым жоқ, бірақ дін бар жерде халық дамымайды. 

Ер азаматтарға айтарым, қыз бала - құл емес. Олар арттарыңда тұрған көмекшілерің, сенетін адамдарың. Қазақ келіншектерімен мақтаныңдар, себебі басқа елдің азаматтары біздің қазақтың қыздары сияқты азаматшаларды алуды армандайды. 

Қазақ жігіттері масыққан

Қазақ жігіттері үшін қыз әдемі, ақылды, шыққан жері текті болуы керек. Ал өзің кімсің? Жігіт есебінде, ермін дегеннен басқа көрсететін нең бар? 

Таңдау бар жерде өсу де бар. iPhone ұстағымыз келеді, шетелдік көлік мінгіміз келеді. Бірақ қасаң ойымызды өзгерткіміз келмейді.

Қыздарды қарындастарындай бағалап, сыйлап, еркін халықтан шыққан ата-тегімізбен мақтануымыз керек. Қазақ жігіттерінің құлағына алтын сырға: қазақ қызы қай жерде болсын инабаттылығы мен тәрбиесімен алдыда болады. Бағаламасаңдар, олар өзге ұлттың жігіттеріне тұрмысқа шығып, басқа ұлттың ұлдарын дүниеге әкеледі. 

 

Талқылау