Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бос сөздің уақыты өтті": Тоқаевтың тың бастамасы және партиялар сайлауынан кейін елімізде қандай өзгеріс болады

Ертең, 19 наурызда Қазақстанда парламент мәжілісі мен мәслихаттығына депутаттарды кезектен тыс сайлау  өтеді. Жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудан кейін тың бастамаларды жария ететінін айтқан. Stan.kz тілшісі саясаттанушылармен тілдесіп, мемлекет басшысының қандай маңызды мәлімдеме жасайтынын сұрап көрді. Сонымен қоса елімізде сайлаудан соң қандай өзгерістер болатынын талқылады.

Сайлау 19

Бүгін, 18 наурыз – сайлау алды тыныштық күні. Кез келген үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге заңмен тыйым салынғанын айта кетейік. Елде сайлауалды үгіт-насихат кезеңі 18 ақпанда кешкі сағат 6-да басталып, 17 наурызда түнгі сағат 11:59-да аяқталған.

Тоқаевтың сайлаудан кейінгі тың бастамасы қандай

Мемлекет басшысы бұған дейін Мәжіліс пен мәслихаттарға депутаттарды сайлау мемлекеттік институттарды қайта жаңғыртудың соңғы кезеңі болатынын айтқан. Саясаттанушы Ғазиз Әбішев президенттің түбегейлі реформаларды әзірше кідіртіп, нақты экономикамен жұмыс істейтін уақыттың келгенін айтады.

"Үкімет өзгеруі керек. Қазіргі премьер-министр өз орнында қала бере ме, бұл да үлкен сұрақ. Екінші жағынан, орта мерзімді саяси сәтті ескере отырып, премьер-министрмен әлеуеті тең адамдардың қатары аз екенін де естен шығармаған дұрыс", - дейді ол.

Саясаттанушы Қазбек Бейсебаев жаңа бастамаларды жария етудің уақыты келді дейді. Ол биылғы партиялар сайлауының ерекше өтіп жатқанына назар аударады.

"Парламентке жаңа адамдар келеді. Өткен жылдардағыдай президентке ескерткіш қояйық деген немесе президент туралы кітап жазған азаматтар мәжілісте болмайды. Жаңа адамдар келген соң жаңа бастамалар да болады", - деп түсіндіреді Бейсебаев.

Оның сөзінше, қазіргі уақыттың өзі айтылған уәделерді нақты орындауға мәжбүрлейді. Мұның себебі, көршілес елдерде болып жатқан қақтығыстар, геосаяси оқиғалар – мұның барлығы нақті іске көшуді көрсетіп отыр. Бос сөздің уақыты өтті, енді елімізге нақты әрекет қажет, дейді саясаттанушы.
Бейсебаев тың бастаманың ауыл шаруашылық саласында басталуы керек екенін айтады.



"Ауыл шаруaшылық мәселесін шешуіміз керек. Еліміз азық-түліктен тарылып, өзге елдерге алақан жайып, көмек күтпеуі тиіс. Біз өз-өзімізді азықпен қамтамасыз ете алуымыз қажет. Сондай-ақ энергетика жағынан тәуелсіз болуымыз керек. Су мәселеміз бар дегендей. Айта берсек жұмыс толып жатыр, президент осы мәселелер бойынша бастама жасайды деп сенеміз", - дейді ол.

Саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, президенттің сайлаудан кейінгі бастамалары әлеуметтік бағытта болуы мүмкін.

"Баға қымбаттап, халықтың жағдайы түсе бастағанын көріп отырмыз. Сондықтан әңгіме экономикалық не болмаса сыртқы саясат тұрғысынан болуы мүмкін", - дейді Дос Көшім.

Сайлаудан кейін қандай өзгерістер болады

Тоқаев сайлаудан кейін жария ететін бастамалары туралы айтқан.

“Тұрақтылық бар жерде ғана даму, өркендеу болады. Ел бірлігі – реформаларды табысты жүзеге асырудың басты кепілі. Сондықтан ырысты ынтымақпен білек сыбана жұмыс істеуіміз қажет. Мемлекетті жан-жақты жаңғыртуға қатысты жұмыс болашақта жалғасын табады. Осы орайда мен бірқатар тың бастамаларды ойластырып жатырмын. Оны сайлаудан кейін жария етемін", – деген президент.

Ғазиз Әбішев мәжілістің жаңа құрамы сайланғаннан кейін болатын маңызды оқиғаларды айтып өтті. 

"Президент мәжіліске премьер-министр ретінде кімді ұсынады. Ал жаңа депутаттар бұл кандидатура бойынша қалай дауыс береді. Айталық, егер қазіргі премьер-министр қайта ұсынылса, оған дауыс бергендердің барлығы қазіргі министрлер кабинеті мен оның басшысы жұмысына жауапкершілікті бөлісіп алады ғой. Солай емес пе?", - дейді саясаттанушы.

Дос Көшім партиялар сайлауынан билікте ауыз толтырып айтарлықтай өзгерістердің болмайтынын алға тартады. 



"Біздің билік әкімшілік-әміршілік жүйенің ішінде. Бұл жүйе бойынша қоғамның негізгі бағытын президент анықтайды, ал басқалары тек қоштайды. Саяси партиялар және тағы да басқалар. Сондықтан ешқандай өзгеріс болмайды. Президенттің өзі де 30 жыл сол топтың ішінде болды ғой", - деп түсіндіреді саясаттанушы.

Оппозиция өкілдерінің билікке келуі қандай өзгеріс алып келеді

19 наурызда болатын сайлауға партиялардан бөлек бір мандат бойынша өзін-өзі ұсынған азаматтар да түсіп жатыр. Олардың қатарында оппозиция өкілдері де баршылық. Саясаттанушылар осы азаматардың депутаттыққа өтуі қандай өзгеріс алып келетіні туралы айтты.

Ғазиз Әбішев оппозиция өкілдерінің келуі мәжілісті жандандырып, оны қайтадан саяси пікірталас алаңына айналдыратынына сенімді.

"Көптеген қордаланып қалған мәселелер қайта талқыланады. Кейбір зиянды популистік идеялар болса да, оларды талқылау керек, бұл талқылаудың жағымсыз салдарымен бетпе-бет келу салауатты пікірталасқа үйретеді", - дейді ол.

Дос Көшім оппозиция өкілдері билікке өткенімен, олардан пайда болмайтынын айтады. 

"Өткен адамдар бірлесіп өздері дайындаған заңдары болса да немесе бір төңірекке топтасып жұмыс істегенімен, оларға партиядан түскен депутаттардың 70% қарсы шығады. Кез келген заңды, бастаманы олар тоқтатып тастайды", - дейді ол. 

Мәжіліс пен мәслихаттардың сайлауы бір күнде – 19 наурызда өтеді. Сайлауға 7 жеті саяси партия қатысып жатыр. Сонымен қоса Қазақстан бойынша бір мандатты округтер бойынша 609 кандидат ұсынылған, оның 525-і өзін-өзі ұсынғандар. 

Осы жолғы парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау аралас жүйемен өтеді. Енді мәжілістегі 98 депутаттың 69-ы партиялық тізіммен, қалған 29-ы бірмандатты округтерден өзін-өзі ұсыну арқылы сайланбақ.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлау күні елде 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істейді. Басым бөлігі таңертеңгі сағат 7-де жұмысын бастайды.

Талқылау