Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Болгария үкіметі халық наразылығынан соң отставкаға кететінін мәлімдеді

Фото: REUTERS/Stoyan Nenov

10 желтоқсан күні Болгарияда ондаған мың адам премьер-министр Розен Желязковтың отставкасын талап етіп, наразылыққа шықты. Олар үкіметті жемқорлық жасады деп айыптап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Euronews басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

11 желтоқсанда Болгария премьер-министрі Розен Желязков отставкаға кететінін хабарлады. Оның қызметтен кетуіне халықтың жаппай наразылыққа шығуы себеп болды. Қараша айының соңынан бастап елдің барлық өңірінде салық саясаты мен әлеуметтік төлемдердің өсуіне қарсы наразылық акциялары өтіп жатыр. 

Мыңдаған азамат София көшелеріне шығып, биліктің ауысуын және жемқорлықпен күресті күшейтуді талап етті. 10 желтоқсан күні тұрғындар парламент ғимаратының алдына барып “Отставка” және “Мафия, кет!” деген жазуларды проектор арқылы көрсеткен.

БАҚ мәліметінше, дроннан түсірілген кадрларға қарасақ наразылар саны 100 мыңнан асып кеткен.  Кей деректерде Софияда 150 мың адамға дейін жиналғаны жазылады. 

Ел астанасындағы университеттердің студенттері де шеруге қосылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, митинг өткен аптадағы 50 мың адам қатысқан акциядан да ауқымды болды. Болгарияның 25-тен астам ірі қаласында да наразылық акциялары өтті. Олардың қатарында Пловдив, Варна, Велико-Тырново және Разград бар.

Пловдивте бірнеше мың адам ”Саединение” алаңына жиналып, болгар жалауларын желбіретіп, антиүкіметтік плакаттар көтерді. 

Бургас қаласында да митинг өтіп, шамамен 10 мың адам муниципалитет ғимаратының алдына жиналды. Олар өз талабын проектор арқылы жеткізді.

10 желтоқсанда шетелдегі болгарлар да наразылыққа шықты. Акциялар Брюссель, Лондон, Берлин, Вена, Цюрих және Нью-Йорк қалаларында өтті. Наразылар үкіметтің отставкасын, өмір сүру мен жұмыс жағдайларын жақсартуды сұрады.

Ел үкіметі өткен аптада 2026 жылғы бюджет жобасын ұсынды. Жобада салық өсіп, әлеуметтік жарналар көбейіп, шығындардың артатыны жазылған. Осыдан кейін Болгарияда митингілер саны көбейді. Қоғамдық қысымнан кейін үкімет бюджет жобасын қайтарып алды.

Желязков қоғам талабы маңызды екенін айтып, оны елемеуге болмайтынын жеткізді. Оның сөзінше, үкімет макроэкономикалық тұрақтылық пен табыс өсімін қамтамасыз етті, бірақ азаматтар алдындағы сенімін жоғалтты.

Олигархтың ықпалы

Наразылар ашуын Болгариялық саясаткер әрі олигарх Делян Певскиге бағыттады. Оның партиясы “Құқықтар мен бостандықтар қозғалысы” азшылық коалициялық үкіметті қолдайды.

2021 жылдың маусымында АҚШ Пеевскиге қарсы Магнитский заңы аясында санкция енгізді. АҚШ Қаржы министрлігінің мәліметінше, ол “Болгарияның негізгі институттары мен салаларына ықпал ету мақсатында жемқорлыққа барған”. 2023 жылдың ақпанында Ұлыбритания да Пеевскиге санкция салды.

Бұрын Певски Болгариядағы ең танымал күнделікті газеттердің бірқатарын иемденіп, ел медиа нарығының едәуір бөлігін бақылаған. Кейін АҚШ санкцияларына ұшырап, медиаактивтерді сатты.

2018 жылы “Шекарасыз репортерлар” ұйымы Певскиді “медиа, саясат және олигархтар арасындағы сыбайластық пен жемқорлықтың символы” деп атаған.

Сыншылардың сөзінше, Пеевски үкімет саясатын олигархтардың мүддесіне сай қалыптастырады. 

“Шынайы билік бұрынғы премьер-министр Бойко Борисов пен Пеевски арасында бөліске салынды. Бұл Пеевскидің министрлер кабинетіне айтарлықтай ықпал ететінін көрсетеді”, – дейді сыншылар. 

Бойко Борисов 2009 жылдан бері үш рет Болгария премьер-министрі болған. Ол орталық-оңшыл ГЕРБ партиясын басқарған. 2013 жылы электр қуатының бағасы мен жемқорлыққа қарсы бүкілхалықтық наразылықтардан кейін отставкаға кеткен. Ал 2020-2021 жылдары тағы да антикоррупциялық демонстрациялардан кейін биліктен кеткен.

Сыншылардың пікірінше, Певски ресми түрде билікке кірмесе де, парламентте шешуші рөл атқарады. Сондай-ақ елдегі шешім қабылдау процесін бақылап отырады. 

Наразылық кезінде Софияда 57 адам ұсталды

Полиция бастығы Любомир Николованың мәліметінше, наразы жастар MRF штаб-пәтерінің алдында ұсталған. 

“Ұсталғандар нағыз демонстранттар емес, арандатушылар. Ұсталғандардың бірінен 10 000 лев (шамамен 5 100 евро), ал екіншісінен 1 500 евро шамасында ақша табылды”, – делінген хабарламада. 

Сәрсенбі күні оппозиция өкілдері: “Біз өзгеру үшін бар күшімізді саламыз. Алға Демократиялық Болгария” деп ұрандатқан. Осылайша олар үкіметті тарату үшін дауыс беруді талап еткен. Президент Румен Радев Facebook парақшасында наразылық акцияларын іс жүзінде “министрлер кабинетіне сенімсіздік дауыс беру” деп атады.

Ол заң шығарушылардан “халықтың талабын ескеруді” және дауыс беру кезінде “еркін таңдау” мен “тәуелсіздікті” таңдауды сұрады. 

2025 жылы 1 қаңтарда Болгария еуроаймаққа қосылып, ұлттық валютасынан бас тартады. Ал ел левадан еуроға өтеді. Болгария Қаржы министрлігі жүргізген сауалнамаға сәйкес, азаматтардың 46,8%-ы біртұтас еуропалық валютаға қарсы, ал 46,5%-ы қолдайды.

Айта кетейік, елдегі отставка жаңа үкіметті құруға немесе ерте сайлау өткізуге жол ашады. 

Болгар үкіметінің отставкасы ел ішіндегі саясатқа ғана емес, Еуропалық одаққа да әсер етеді. Болгария еуроаймаққа қосылуға дайындалып жатқандықтан, үкіметтің ауысуы бұл процесті баяулатуы мүмкін. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 12 Желтоқсан, 2025 11:55