Блогер мен депутат өлімі: Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық хирургия клиникаларын тексерді

Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық хирургия клиникаларын тексеру барысын мәлім етті. Тиісті комитет төрағасының айтуынша, тексерулердің бірінің нәтижелері полицияға тапсырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жақында липоксакциядан қаза болған блогер Сәуле Базархан мен депутат Ербол Айтуовтың өлімі қоғам талқысына түсті. Депутаттың қазасы бойынша аудит аяқталған.
"Қазір Алматыда аудит жүргізіліп жатыр, тиісті тексеру жүргіздік. Маңғыстау облысындағы аудит аяқталды. Материалдар құқық қорғау органдарына ұсынылды. Сондықтан қосымша бағалауды құқық қорғау органдары жүргізеді”, – деді Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов.
Мәжіліс пластикалық хирургия қызметтерін көрсететін барлық ұйымды аудиторлық тексеруден өткізуді талап етті. Парламенттің төменгі палатасы бұл жай ғана жекелеген оқиғалар емес, азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін бірқатар жүйелі заңбұзушылықтар екенін мәлімдеді.
"Мүмкін жабдықтар істен шыққан, мүмкін дәрі-дәрмек дұрыс емес, мүмкін дәрігердің қажет біліктілігі болмаған, мүмкін санитарлық нормалар жеткіліксіз, мүмкін бір жерде инфекция пайда болған шығар. Мұндай ауруханада міндетті түрде жансақтау бөлімі болуы керек. Біз мәселенің қайдан шыққанын, кімнің кінәлі екенін анықтауымыз қажет”, – деді парламент мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов.
Еске салайық, 53 жастағы алматылық Сауле Базархан 15 мамыр күні пластикалық хирургия клиникасында көз жұмған. Ол липосакция жасатпақ болған. Марқұмның жақындары оның қаза болғанын клиника үш сағаттан кейін ғана хабарлағанын айтып, әрекетсіздікке шағымданды. Бұған дейін Алматы полиция департаменті әйелдің өліміне байланысты Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын растаған еді. Ал клиника тергеу болып жатқандықтан толық пікір бере алмайтындарын жеткізді.
49 жастағы Ербол Айтуов 4 сәуірде липосакция жасатуға барған. Жұбайының айтуынша, наркоздан кейін оның қан қысымы мен қант деңгейі күрт көтеріліп, комаға түскен. Бір айдан соң ол ауруханада қаза болды. Марқұмның жұбайы клиника дәрігерлерін салғырттық жасады деп айыптаса, денсаулық сақтау министрлігі тексеріс барысында бірнеше заңбұзушылық анықталғанын мәлімдеген.
Қазақстандық түрмелерде сотталғандар енді отбасымен видеотаксофон арқылы сөйлесе алады
Оқыңыз