Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жазбасын сотта дәлелдей алмады": Антикор блогер Азамат Сәрсенбаевтың қамалуына қатысты пікір білдірді

Фото: instagram.com/azamat_sarsenbayev

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі блогер Азамат Сәрсенбаевтың 20 тәулікке қамалуына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Блогер Сәрсенбаевтың айтуынша, өзінің үстінен іс қозғалуына Ақтаудағы қоғамдық тамақтану орны жайлы жазған жазбасы себеп болған. Ол дөнер сататын нысан Антикор қызметкерлерінің “қамқорлығында” деп мәлімдеп, ғимараттың заңбұзушылықпен салынғанын және "бұл қандай да бір қолдаусыз мүмкін емес" екенін айтқан.

Ал Антикордың мәліметінше, блогер өз жазбасында аталған тамақтану орны "қамқорлықта" деп нақты түрде жазғанымен, бұл сөзіне жазбасында да, сот отырысында да ешқандай дәлел келтірмеген.

"Аталған тұлғаның қызметі шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратпауға, сондай-ақ басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға міндеттейді", – делінген ресми хабарламада.

Агенттік мәліметінше, қамауға алу туралы шешімді Маңғыстау облыстық полиция департаменті толтырған хаттама негізінде сот қабылдаған. Сәрсенбаевқа, басқа кез келген азаматқа секілді, өз сөзін дәлелдейтін деректерді ұсынуға мүмкіндік берілген, алайда ол ондай дәлелдерді ұсынбаған.

"Сот жазбада көрсетілген мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін анықтады", – делінген Антикор таратқан ақпаратта.

Еске салсақ, бұған дейін блогер Азамат Сәрсенбаев 20 тәулікке қамауға алынғаны туралы жазған едік. Ол бұған дейін Ақтау маңындағы ұшақ апаты болған орынды түсіргені үшін ұсталған еді.

Дана Русланқызы
Жұма, 30 Мамыр, 2025 19:51
Талқылау