Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біз шақырдық, ол келді": Цифрлық даму министрі Павел Дуровтың Астанаға сапары туралы пікір білдірді

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев ВКонтакте және Telegram желісінің негізін қалаушы Павел Дуровтың Қазақстанға сапарына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Stan.kz

Ведомство басшысы Жаслан Мәдиев парламент отырысының кулуарында Павел Дуровтың Астанаға неліктен келгенін түсіндірді.

"Біз оны шақырдық, ол келді. Ол қазірдің өзінде Астана хабын көріп шықты. Біз оған цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін және Астана халықаралық қаржы орталығын және басқа ұйымдарды көрсету жоспарда бар. Қонаққа технологиялық мүмкіндіктерімізді көрсете отырып, біздің бұл бағытта қалай жұмыс істейтінімізді түсіндіргіміз келеді", – деді Жаслан Мәдиев.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда экспортқа шығарылатын өнімдер бар. Бұл мәселе де белгілі кәсіпкермен пікірлесетін тақырыптардың біріне айналды.


"Біз адам капиталына және білімге көп көңіл бөлеміз. Қазір пікір алмасып жатырмыз. Менің ойымша, ол да (ред. Дуров) бізден де бірнәрсе үйреніп, тенденцияларды зерттей алады", – деді министр.

Айта кетейік, 18 маусымда Жаслан Мәдиев Павел Дуровты Қазақстанға шақырғанын айтқан еді. Бір күн бұрын кәсіпкердің Астанаға келгені туралы БАҚ беттерінде ақпарат пайда болды.

Еске салайық, бұған дейін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев ChatGPT-дің қазақша нұсқасы қашан әзірленетінін жаздық. Министр жасанды интеллектке негізделген жүйеде қазақ тіліндегі аудармалардың сапалы болуына мән берілетінін алға тартты.

Талқылау