Бішкектегі тәртіпсіздіктер: Шетелдіктер мен жергілікті жастар арасындағы төбелестің себебі аталды
Қырғызстан ІІМ шетелдік азаматтардың қатысуымен болған төбелестің себебін атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото en.wenews.pk
Министрлік сонымен қатар 17-18 мамырға қараған түні Бішкектегі толқулар мен тәртіпсіздіктерге әкелген оқиғалардың хронологиясын ұсынды.
Ведомствоның хабарлауынша, жергілікті тұрғындар мен шетелдік студенттер арасындағы алғашқы қақтығыс 13 мамырға қараған түні Восток-5 шағын ауданындағы пиццерия маңында болған. Азиялық келбеттегі белгісіз адамдар тобы шетелдік студенттерге тиісе бастаған.
“Олар темекі сұрап, кейін оларға тиісе бастаған. Олардың бірі тіпті қол көтерген. Ал шетелдік азаматтар қашып өздері тұратын А. Огонбаев көшесіндегі жатақханаға келген", - делінген хабарламада
Шетелдік азаматтарды қудалай отырып, жергілікті тұрғындар олардың артынан жатақханаға кірген. Кейін күш қолданып, шетелдіктердің ақшасы мен заттарын иемденген.
"Белгісіз төрт адам әр түрлі бөлмелерге кіріп, есіктерді қаққан. Ал қыздар тұратын бөлмелерге кіргенде, жатақханада тұратын шетелдік азаматтар шу мен айқайды естіп, араша түспек болған.
Кейін жатақхананың ауласында олар төбелес бастады. Келгендердің үшеуі жарақат алған біреуін тастап қашып кетті. Жатақханада тұратын шетелдік азаматтар жедел жәрдем шақырып, оны ауруханаға жіберді.
Ауруханада ол өзін басқа есіммен таныстырған. Оқиғаның мән-жайы бойынша түсініктеме мен дене жарақатын алу фактісі бойынша арыз білдірмеді. Қажетті медициналық көмекті алып, белгісіз бағытта қашып кетті", - деп хабарлады ІІМ.
Кейін көпшілік Қырғызстан елшілігінің ғимараты алдында пәкістандық студенттерге шабуылға наразылық білдіріп, жиналды.
Дипломаттардың қорғалуын қамтамасыз ету үшін дипмиссия ғимаратына қосымша полиция жасақтары жіберілген. Полиция елшіліктің айналасына Тікенді сым қоршау орнатты.
Осындай наразылықтар Карачиде де өтті. Наразылық білдірушілер зардап шеккен пәкістандық студенттер үшін жауапкершілік пен әділеттілікті талап етуде.
Әлеуметтік желілерде пәкістандықтар адамдарды елдегі қырғыз дипломатиялық елшілігінің алдында жиналуға шақырады.
Ал Пәкістан Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мумтаз Захра Балоч бұл жанжалда бес пәкістандықтың жарақат алғанын, олардың біреуі жақ жарақатын алғанын хабарлады.
"Біз пәкістандық студенттерді қорғауды қамтамасыз ету үшін Қырғызстан билігімен байланыс орнаттық. Мен Қырғызстандағы елшімізге оларға толық көмек көрсетуді тапсырдым", - деп жазды ол x-тегі жазбасында.
Еске салсақ, Бішкекте жергілікті тұрғындар шетелдіктерді соққыға жыққан соң жаппай тәртіпсіздік болғанын хабарлаған едік.