Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір үйдің жалғыз ұлы: Астанада бір апта бұрын жоғалған оқушының ата-анасы көмек сұрады

Астанада 8-ақпан күні түс кезінде үйінен шығып кеткен 16 жастағы бозбаладан әлі күнге дейін хабар жоқ. Соңғы мәліметтерге қарағанда Болат Қожамжар достарымен ойын клубына барған. Содан бері үйіне қайта оралмапты.

Астанада 10-сынып оқушысы 5 күннен бері іздестіріліп жатыр

Жалғыз ұлы жоғалып кеткен отбасы туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Астанада осыдан 7 күн бұрын жоғалып кеткен 10-шы сынып оқушысы Болат Қожамжар әлі табылмай жатыр. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізгенімен одан әлі еш нәтиже жоқ. Қазір оны іздестіруге еріктілер де кіріскен.

Сыныптастары оның сол күні кешкі сағат сегізге дейін компьютер клубында болғанын алға тартса, ондағы бейнебақылау камераларын жіті тексіріп шыққан әкесі ұлын бірде-бір видеодан таппағанын айтады.

«Бүгін түнде азанда сағат 5-те келдім. Барлық клубтардың видеокамераларын қарадым. Еш жерде, еш уақытта 8-нен бастап, ол еш жерде тіркелмеген. Ол жерде Болаттың болғаны туралы ешқандай мәлімет жоқ. Ұрыс-керіс болған жоқ үйде. Ол үш күн демалды сол үш күн аязда үйде болды. Еш жаққа шыққан жоқ. Сол жұма күні түс кезінде шығып кетті одан кейін келген жоқ», – дейді баланың әкесі Сағынбек Қожамжар.

Ал, тәртіп сақшылары Болаттың 8-ақпан күні сағат екі жарымдар шамасында “Еуразия” сауда орталығының маңындағы камералардың біріне түсіп қалғанын айтқан. Ары қарай ол Күйші Дина көшесіне бет алыпты. Алайда, Болаттың әкесі оның телефоны 8-ақпаннан бастап 3 тәулік бойы істеп тұрғанын, одан кейін бірде қосылып, бірде өшіп қалатынын айтады. Бірақ ұлымның нақты қай жерде екенін полиция қызметкерлері анықтай алмай отыр, дейді әкесі.

«Полицияның бір работнигі айтты бізде қазір айтишниктер жоқ. Департаментке басқа жақа запрос жібердік. Бірақ ответ келген жоқ деді. Енді білмедім қашан ответ келетінін. 8-і, бүгін 15-і арада 7 күн уақыт өтті. Білмеймін неге хабар келмей жатқанын», – дейді баланың әкесі.

Болатты іздеуге атсалысып жүрген еріктілер оның аман-есен оралатынына сенімді. Оның үстінде көк куртка мен сұр түсті шалбар болған. Оған қоса, жас жігіттің сұр бас киімі мен хаки түстес сөмкесі бар. Оқушы арық денелі, қара шашты. Бойы – 174 сантиметр.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жоғалып кеткен оқушыға қатысты жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Бозбаланы көрген-білгендер болса 102 нөміріне хабарласуларыңызды сұраймыз.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Stan.kz
Жұма, 15 Ақпан, 2019 21:57