Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақшамды қайтармай, далада қалдырып кетті": Алматы тұрғыны SCAT әуекомпаниясы себепсіз бортқа мінгізбегеніне шағымданды

Алматы тұрғыны SCAT әуекомпаниясынан Алматы – Астана, Астана – Алматы бағытына билет алып, қайта алмай қалған. Айтуынша, билеті болғанына қарамастан, жолаушылар тізімінде жоқ деп бортқа мінгізбеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видеодан скриншот

23 жастағы қыз SCAT әуекомпаниясына наразылығын білдірді. Ол досымен 12 қазанда Алматыдан Астанаға SCAT әуе компаниясымен сапарға шыққан. Алайда 14 күні сағат 23:15-тегі рейспен өз қаласына қайтар кезде қиындықтар туындаған көрінеді. Себебі отырғызу талонын алар кезде ол жолаушылар қатарында болмағандықтан, оны бортқа мінгізбеген. Ал досы тізімде болғандықтан, бортқа мініп, Алматыға қайтқан.

“Неше рет SCAT-қа жоламау керек деген белгілерді көрсем де, көз жұмып келдім, бірақ осы жолғы жағдай шектен шығушылық.  Ең дөрекі қызметкерлер, нашар база. Клиент үстінен қосымша ақы алу үшін осылай далада әп-сәтте қалдырып кетуі мүмкін. Үйіме қайта алмай қалдым, өйткені базаларында есімім сақталмай қалыпты-мыс. Отырғызу талоны мен билет чегін көрсеткеніме қарамастан, мені мінгізген жоқ. Оның үстіне “біздің проблема емес” деп бір-біріне сілтеп, тағы билет сатып алуымды сұрады. Түн жарымда тастап кеткендеріңізге рахмет, енді сіздерге жоламаспын!” – деп жазды Қырмызы Скендирова.

Қыздың Алматы – Астана, Астана – Алматы бағытындағы SCAT әуе билетіне 53 мың теңге кеткен. Айтуынша, ол әуежайға келмей тұрып, онлай тіркеуден өткісі келген. Алайда ақаулар шығып, тіркелмегесін, SCAT-тың қолдау қызметіне хабарласқан.

“Қолдау қызметінің операторы “онлайн-тіркеу аяқталды, сол үшін әуежайға барып, тіркеле беріңіздер” деді. Егер мен жолаушылар тізімінде болмасам, қолдау қызметі менің қай бағытқа, қай уақытта ұшатынымды қайдан біледі?! Ол менің броньдау нөмерім арқылы аты-жөнімді де тапқан еді”, – деді қыз.

Ол арыз жазып, әкімшілікке, тіпті авиация комитетіне жүгінсе де, ақшасы қайтарылмаған. Арызы 21 күн қаралады деген. Алайда осыдан кейін хабарсыз кеткен.

“Тіпті тіркеу бөлімі жабылып, ұшақ ұшып кеткен кезде жақын арада ұшатын басқа рейске мінсін деп басқа нұсқа ұсынбады. Өзімді кінәлі етпек болып, “Сіз Астанаға келмегенсіз, сол үшін қайтар билетіңіз жойылды” деді. Сонда Алматыдан Астанаға жаяу келді деп ойлады ма? Тіпті ұшаққа мінбесем де, бастысы, билетім бар ғой. Оның не қатысы бар?” – деді ол.

14 қазанда түнде кетуі керек болған Алматы тұрғыны түн ішінде жат қалада қалып қойған. Келесі күні басқа әуе компаниясының рейсімен Алматыға қайту үшін тағы шығындалып, 42 мың теңгеге билет алуға мәжбүр болғанын айтады. 

“Қайтар билетімнің 28 мың теңгесі, одан кейін басқа әуекомпания арқылы қайтарға тағы алған 42 мың теңгелік билет, Астанада тағы да түнеген күнім үшін материалдық төлемақыны талап етемін. Оның үстіне уақытымды алды, артық уайымға салып қойды”, – деді Алматы тұрғыны.

SCAT әуекомпаниясы жағдайға түсініктеме берді.

“Жүйенің деректеріне сәйкес, жолаушы Алматыдан Астанаға ұшқан жоқ. Ол тек онлайн тіркеуден өтті, бірақ бортқа мінбеді. Әуе тасымалы ережелеріне сәйкес, егер маршруттың бірінші сегменті бойынша ұшу жасалмаса, екіншісі автоматты түрде жойылады. Жолаушы арыз жазғандықтан, оған міндетті түрде заң департаментінің ресми жауабы жіберіледі, ол белгіленген мерзімде жүргізіледі”, – деп мәлімдеді SCAT әуекомпаниясының баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін SCAT өзгелердің мазасын алады деп ерекше қажеттілігі бар баланың бортқа мінуіне рұқсат бермеген. Содан кейін SCAT әуекомпаниясының қызметкерлері жолаушыларды домбырамен бірге бортқа кіргізбей, шу шыққан еді. Компания домбыра үшін ересектерге арналған билет құнымен бірдей тағы бір орын алу керегін айтты.

Талқылау