"Айнагүлдің басшысы онымен кездесіп жүргенін айтқан": Ақтөбеде бұрынғы әйелінің бетін тілгілеп тастаған азаматтың оқиғасы
Ақтөбелік Айнагүл Бекенова күйеуімен ажырасып кеткен, бірақ қанша уақыт өтіп кетсе де ол жаңа өмір бастай алмайды. Осы уақыт аралығында экс-күйеуі Сәкен Бекенов оның ізіне түсіп, жеке өмір құруына қарсы болған. 13 наурыз күні ол бұрынғы әйелін адам танымастай күйге түсіріп, ұрып-соғып кетті. Іс әлі қаралып жатыр.
Фотода Айнагүл мен бұрынғы енесі Жұмагүл Бекенова
Бұл туралы "Астарлы ақиқат" бағдарламасында айтылды.
Айнагүл 13 наурыз күні болған оқиғаны есіне алғысы келмейді. Айтуынша, өзі жұмыс істейтін барға кешке қарай бұрынғы күйеуі Сәкен келеді. Ішімдік сұрап, өзін әдеттегіден өзгеше ұстапты. Айнагүл талап еткен соң ол бардан шығып кетеді, бірақ қолына пышақ ұстап қайта келеді.
"Оның сол күнгі көзқарасы да қорқынышты еді. Мені шашымнан ұстап, қой секілді сүйреді. Камера жоқ жерге апарып, ұрып-соқты. Небір сөздер айтты. Бетімді пышақпен тілді. Егер мендік болмасаң, басқаға да бұйырмайсың деді", - деді Айнагүл.
Ол қызының есімін қайта-қайта айтып, оны анасынан айырмауды өтінген. Сол кезде ғана Сәкен оған қысымын тоқтатқан. Кейін дәрігер шақырып, оны белгісіз біреулердің ұрып-соғып кеткенін жеткізген.
Дәрігерлер Айнагүлге 3 сағат ота жасап, 39 тігіс жасады.
Ал, Сәкеннің досы Ақылбек Қаулешов Сәкеннің бұрын-соңды мұндай қылмысқа жақын емес адам екенін айтады.
Фотода Сәкеннің бұрынғы әйелі Роза мен құрбысы Гүлнәз
"Оның әйелді ұру, қылмысқа бару сияқты әдеті болған емес. Үнемі, баласына, отбасына асығып тұратын. Балажан еді. Бұл бір қызғаныштың не мастықтың, әлдебір түсініксіз жайттың салдары деп ойлаймын. Ер азаматтар ретінде жиналғанда да басы артық сөзі жоқ, мінезі жақсы болатын. Бірге мектепте оқыдық. Сондықтан айтып отырмын", - деді ол.
Досының сөзін Сәкеннің бұрынғы жары Роза Елемесова да құптады. Айтуынша, баласына келіп тұрады. Қаржылай көмектесіп тұрады. Өзіне қол көтеріп көрмеген.
"Мен бұл жағдайға өзім де таңғалдым. Ол ондай адам емес еді. Қол көтермейтін. Біз ұрып-соғу салдарынан ажырасқан жоқпыз. 2006 жылы үйлендік. 3 жылдан соң ажырастық. Оған Айнагүлдің де қатысы жоқ. Бүгінге дейін баласына келіп тұрды. Ақшасын беріп көмектеседі. Қол көтеретін адам, мінезі жаман деп айта алмаймын", - деді Роза.
Айнагүл мен Сәкен 2013 жылы үйленген. Ол кезде Айнагүлдің 3 жасар қызы болған. Сәкен оған өзінің тегін беріп, туған қызындай қабылдапты. Алайда Сәкен мен Айнагүлдің ортақ балалары жоқ.
Бұл оқиғаны көпшілікке мәлімдеп, Сәкеннің жазаланғанын қалаған Дина Смаилова заң әйелді қорғамайды деп қынжылады.
"Сәкеннің қылмысы "бұзақылық" бабы бойынша қаралып жатыр. Бізде заң отбасылардың неғұрлым ажыраспай, сақталуын қорғайды. Күйеулерінен, бұрынғы күйеулерінен зәбір көріп жүрген әйелдер көп. Оларды заң, қоғам қорғамайды. Ұят деген ұранмен зорлық көріп жүре береді. Сәкеннің ісін де қызғаныш деп жақтап жатқандар көп. Бірақ ол әдейі бір мақсатпен, оның түрі аянышты болып, ешкіммен сөйлеспесін деген мақсатпен қылмыс жасап отыр. Олар ажырасқан адамдар. Бір-біріне бөтен. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылық деп қараудың керегі жоқ. Қандай болса да, қылмысқа баруға ешкімнің құқығы жоқ", - деді ол.
Айнагүлдің құрбысы Гүлнәздің айтуынша, Сәкен Айнагүлді тыр-жалаңаш ұйықтап жатқан жерінде суретке түсіріп, соны желіге жариялаймын деп бопсалаған.
"Маған Айнагүлмен сөйлесші, қосылайық дегенді көп айтатын. Олармен тіпті бір пәтерде тұрдым. Ол кезде қол көтеру сияқты жайттарды көрген емеспін. Біде маған Айнагүлдің жалаңаш суреттерін көрсетті. Оны суретпен бопсаламақ болды. Мен мұны Айнагүлге айтқанда ол маған сенген жоқ", - деді құрбысы.
Ал, Сәкеннің анасы Жұмагүл Бекенова болған оқиғаны өз білуінше баяндады.
"Айнагүл мен Сәкен 2018 жылы ажырасқан соң да кездесіп жүрді. Айнагүл оқиға болар алдында үйге өзі келіп жүрді. Ал, Айнагүлді ұрған күні Сәкенді Айнагүлдің бастығы шақырып алған екен. "Маған Дархан деген біреу хабарласты. Барып сөйлестік. Ол маған Айнагүлмен кездесіп жүргенін айтты. Екеуінің ортақ жоспары барын айтты. Бізге кедергі болма, сен жақсы жігітсің, жақсы қыз табасың" деді деп Сәкен үйде жылап отырып айтты. "Неге мен бақытсыз бола бердім" деп жылады. Айнагүл 16 жасында өз үйінен кеткен адам. Мен оны байлап ұстай алмайсың, еркі жоқ болса жібер деп айттым. Алайда оны түзеймін, оны адам қыламын деп жүретін балам", - деді Сәкеннің анасы.
Бағдарламада Сәкеннің анасы мен Айнагүл тікелей эфир арқылы сөйлесті. Сәкеннің анасы ұлы үшін ел алдында кешірім сұрады. Айнагүлден кешірім сұрап, Сәкеннің өз әрекетіне өкініп отырғанын айтты.
"Кешірім беру мүмкін бе? Ол ісі үшін Алладан кешірім сұрасын. Мен де пендемін. Мен жүрегіммен кешірдім. Бірақ ол оңайлықпен ұмытылмайды. Жараның ізі өшпейді. Дарханның Сәкенді шақырып алғаны жалған. Олар кездейсоқ кездескен. Дарханда Сәкеннің нөмірі жоқ. Сіз ол жерде болған жоқсыз. Оның маған не істегенін, қандай сөздер айтқанын білмейсіз. Оны мен ғана білемін", - деп жылады Айнагүл.
Айта кетейік, бұған дейін бұрынғы күйеуі бетін пышақпен тіліп тастаған Айнагүл халықтан көмек сұраған еді.