Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Айкөркем Мелдеханның өлімі бойынша сот процесіне әкесі неге жіберілмеді – Бас прокуратура жауап берді

Алматы гарнизонының әскери сотымен кәмелетке толмаған Айкөркем Мелдеханның өліміне әкеп соққан билікті асыра пайдаланды деген айыппен әскери қызметші А.И.Жұманға қатысты қылмыстық іс қаралуда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Azattyq

Бас прокуратурасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот процесі іс материалдарында жариялауға жатпайтын құпия құжаттардың болуына байланысты жабық режимде өтуде. 

“Бүгін қайтыс болған Айкөркемнің әкесі - Айдос Мелдехан БАҚ өкілдеріне мемлекеттік құпияларға рұқсаттың болмауынан сот процесіне жіберілмейтінін айтты. Айдос Мелдеханға мемлекеттік құпияларға рұқсатты рәсімдеу бірнеше рет, оның ішінде биылғы 19 шілдеде Бас әскери прокуратура басшылығымен жеке қабылдауда ұсынылғанын мәлімдейміз. Алайда ол оны рәсімдеуден және арнайы тексеруден өтуден бас тартты.Бұл туралы қылмыстық іс материалдарында тіркелген өз қолымен жазған арызы куәландырады”, – делінген хабарламада. 

Бас прокуратураның мәліметінше, мемлекеттік құпиялары бар барлық қылмыстық істер бойынша рұқсатты рәсімдеу міндетті талап болып табылатынын айтып өткеніміз жөн.

“Бұл ретте, адвокат пен қаза тапқан Айкөркемнің туған ағасы – Бауыржан Мелдехановқа биылғы сәуір және маусымда мемлекеттік құпияларға, тиісінше қылмыстық істің барлық материалдарына рұқсат берілді. Жәбірленушілердің құқықтарының сақталуын олардың мүдделерін білдіретін кәсіби адвокат қамтамасыз ететінін атап өтеміз. Сонымен қатар, көрінеу жалған мәліметтерді тарату заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкеп соқтыратынын түсіндіреміз. Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз",-делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

Айта кетсек, Алматы қаласында Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан Айкөркем Мелдеханның ісіне қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Дегенмен сот процесіне Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханды қатыстырмағанын айтқан болатын. 

Талқылау