"Атына заты сай емес": Қарағандыда инновациялық мектеп интернатта жылу мен ыстық су жоқ
Қарағанды облысындағы Инновациялық білім беру мектеп-интернатында оқитын балалардың ата-аналары наразылық білдірді. Шалғай ауылдардан келген олар, интернатта оқушыларға мүлдем жағдай жасалмаған дейді. Айтуларынша, тек қыз балалар жатып оқитын ғимаратта жылу мен ыстық су жоқ. Соның кесірінен қыздары қысы-жазы суық суға жуынады деген ата-аналар мәселені шұғыл шешіп беруді талап етеді. Жауаптылар білім ордасындағы жағдайдың күзге қарай түзелетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Ата-аналар "атына заты сай емес" деген Инновациялық білім беру мектеп-интернаты кеңес дәуірінен кейін жөндеуден өткізілмеген. Қабырғаларының сылағы түсіп, едендері қырық жамау болған. Ал шағын бөлмеде он қыздан тұруға мәжбүр. Бұдан бөлек мектеп жылу мен ыстық судан ажыратылған. Ата-аналар бюджеттен қайыр болмаған соң, өз қалталарынан ақша шығарып су жылытатын титандар орнатып бердік дейді.
"Титан болғанымен, ол титанның суы тез бітіп қалады. Мысалы, ең бірінші шомылған адам ғана үлгере алады. Қалғандарына су жетпей қалады. Қыздар салқын суға шомылуға мәжбүр болады", – деді ата-ана Алтын Жалғасбаева.
"Қыстың күні суық, жылу жоқ, ыстық су деген жоқ. Қыз балалар ғой не дегенмен, қыстыгүні суық сумен жуынады, тоңады. Есіктер ескі бәрі. Бәрі быт-шыт. Тарақандар да, тышқандар да пайда болып жатыр", – деп қосты Талғат Есенова.
Ата-аналар 200-ге жуық қыз бала оқитын бұл мектеп-интернатта медициналық пункт те жоқ дейді. Әрі асханалары талапқа сай жабдықталмағанына наразы. Айтуларынша, тіпті тамақтанатын орын да санитарлық талапқа сай емес. Ал білім басқармасындағылар бұл мәселелерден хабардар екен.
"Маусым айында лицейде күрделі жұмыстар басталады. Ол күрделі жұмысқа біз жобалық-сметалық құжат 716 миллионға дайынағанбыз. Қазіргі таңда конкурстық жұмыстарды бастадық. Қорытынды шыққан соң мердігерлік мекеме жұмысын жалғастырады. Қазіргі таңда газға қосылу құжаттары дайындалып жатыр. Күзге қарай жылыту мәселесі толығымен шешіледі", – деп мәлімдеді Қарағанды облыстық білім басқармасы материалдық-техникалық бөлімі меңгерушісі Серікбол Багимов.
Күрделі жөндеу жұмыстары 3 жылға жоспарланған екен. Осы жазда 100 миллион теңгеге интернаттың шатыры ауыстырылмақ. Өйткені оқу процесіне кедергі келмеуі үшін жұмыстар тек жазғы демалыста ғана жүргізіледі дейді жауаптылар.