Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада қайырымды жандардан бөлек өз пайдасын ойлайтындар да көбейді

Астаналықтардың қайырымды әрекеттері жұртты таң қалдыруда. Олар көшеде тұрған жолаушыларды үйлеріне тегін жеткізіп, отыны таусылған отбасыларды көмірмен қамтамасыз етуде.

Мейірімді жандардың мақтауға тұрарлық әрекеттері жайында “Еуразия” арнасы хабарлады.

Астаналық жігіттер артық айыппұл аларын білсе де кешеден бері 50 шақты адамды барар жеріне жеткізген.

«Кешке жақын жұмыстан шыққаннан кейін, осылай өзім шығып, күн салқында адамдарды жеткізіп саламын. Аз да болса қала тұрғындарына көмектесейік деген ниеттемін. Алла разы болсын» – ерікті Ернұр Данияров.

«Бараевадан Леснаяға дейін апаруға келістім. Жеткен соң, маған ақша беріп жатыр. Мен айттым осындай акция болып жатыр деп. Ол сенбей жатыр. Рахметін айтып, жылайын деп қалды апа. Таң қалып жатыр» – ерікті Гейдар Шимшилов.

Жігіттер қайырымдылық акциясы жайында мешіттен естіген. Имамдар қала әкімінің игі бастамасына бірден қолдау білдіріп, жамағатты атсалысуға шақырған. Қолдағандар аз болмапты.

«Үш түрлі бағытта көмек көрсетіліп жатыр. Біріншісі аялдамадағыларға тегін такси қызметі. Екіншісі көшеде жұмыс істеп жатқандарға ыстық шай, тамақ ұсыну. Үшінші үйінде отыны көмірі жоқ, кісілерге көмір ұсыну» – «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Әділхан Серікбай.

Бірнеше отбасын аяздан құтқарып, шаңырағына жылу беруге әр адамның үлесі тиді, дейді имамдар. Себебі бұл көмір жиналған садақаға алынған екен. Жалпы қыс басталғалы Астаналық мешіттер көмекке мұқтаж бірнеше үйді отынмен қамтамасыз еткен. Жағары таусылып жаны қысылғандар әлі де келіп жатқан көрінеді.

“Негізгі идея жастардың өзінен шықты, 60-қа жуық ерікті қазіргі уақытта таңғы сағат жетіден тоғызға дейін Астана тұрғындарын жұмысқа дейін тегін жеткізу арқылы сондай акция өткізіп отыр. Ол біздің ескі вокзалдан сол жағалауға дейін” – дейді ерікті Мұхамеджан Болысбек.

Біреулер жаураған жұртқа ыстық шай беріп, ал енді бірі барар жеріне жеткізіп сауап алып жатса, кейбіреулер аязды күнді пайдаланып табыс таубуға тырысуда. Мысалға Қосшы, Қоянды, Талапкер бағытындағы автобустар тоқтап қалған. Ал әдетте 200 теңгеге апаратын жүргізушілер бағасын 1000 теңгеге көтеріп тастаған. Ал кезінде 10 миллионға салынған аялдамалардың есігі жабық күйінде тұр.

«Аялдамалар жолаушылар көп жиналатын жерде болғандықтан есіктері ашылып жабылуы қиындық тудырады. Себебі онда кіріп-шығу өте көп» – қалалық көлік басқармасының бөлім басшысы Руслан Абдуалиев.

26 аялдамаға сервистік қызмет көрсете алмай отырғанда, тағы да 56-сын салуды жоспарлап қойған.

«Ағымдағы жылы 56 аялдаманың сметалық-жобасы дайын тұр. Қазіргі таңда ақша бөлу мәселесі қарастырылып жатыр», – дейді қалалық көлік басқармасының бөлім басшысы Руслан Абдуалиев.

Астана үшін жылы аялдамалардың керегі анық. Бірақ олардың қызыл жасыл қаңқасы көзбояушылық үшін жасалмаса екен дейміз.

Тағы оқыңыз:

Назарбаева әскери телеарна ашуды ұсынды

“Алтын белгі” төсбелгісі 500 мың теңгеге сатыла бастады

180 мың теңге үшін өлтірген: Түркістанда айуандықпен өлтірілген мұғалім қазасының мән-жайы

2018 жылы бір жасқа дейінгі бала күтiмiне қатысты жәрдемақының мөлшері белгілі болды

Талқылау