"Аш ғасыр": Атыраудағы алғашқы "McDonald's-тің" ашылуына келген халық нөпірі қазнетте күлкіге қалды (видео)
Атырауда алғашқы "McDonald's" жылдам тамақтану мейрамханасының ашылуының соңы үлкен дауға ұласты. Жаңа нысан алдында үлкен кезекте тұрған халықтың видеосы мен суреттері әлеуметтік желі қолданушыларының талқысына түсіп, күлкісіне қалған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қолданушылар әсіресе қазақстандықтардың мекемеге алғаш болып кіру үшін өз денсаулықтарына қауіп төндіруге дайын екендігіне наразылықтарын білдірген.
Сондай-ақ олар мейрамхананың ашылуында резеңке шарлардың орасан зор бумалары қолданылып, кейін қоқысқа айналатын шарлардың қоршаған ортаны ластайтыны да қынжылтқан.
Желі қолданушылары "Аш ғасыр", "Халықтың мынадай нөпірінен кейін Атыраудың "сары" немесе "қызыл" аймаққа өтуін күтеміз", "90 жылдардағы Мәскеу" деген ойларын қалдырған.
Кейін белгілі болғандай, адамдардың осынша жиналуы мен дауласуының себебі тек тегін гамбургерлер ғана емес, тегін шарлар да болған екен. Әлемдік бренд Қазақстандағы ресми Instagram парақшасында көпшіліктен кешірім сұрап, жазба қалдырған.
"Өкінішке орай, ашылу салтанатында қателіктер орын алды, біз оны түзетуге және болашақта қайталамауға үшін бар күшімізді саламыз. Бұдан былай біз сыйлық шарларын ең кішкентай келушілерімізге сонымен қатар шектеулі санда ғана береміз", – деп мәлімдеді компания.
Қазақстанда алғашқы McDonald's мейрамханасы 2016 жылы пайда болды. Дәл қазіргі уақытта еліміздің алты қаласында 22 нүктесі жұмыс істейді. Айта кетерлігі, Қазақстан астанасындағы алғашқы мейрамхананың ашылуында да осындай үлкен кезек болған еді.