Армения ҰҚШҰ-дан шығады, Франция парламентінің палатасы таратылды, Газадағы тұтқындар құтқарылды: Әлемдегі соңғы жаңалықтарға шолу
Осы аптада Армения премьер-министрі Никол Пашинян елдің ҰҚШҰ-дан шығатыны туралы мәлімдеме жасады. Бұл жаңалықтардың артынан Ереванда Пашинянның отставкасын талап еткендер ереуілге шыққан. Таяу Шығыста жағдай тіпті ушықты. Израиль әскерилері Газа секторында кепілге алынған төрт адамды құтқару операциясын жүргізген. Палестина үкіметі құтқару нәтижесінде 210 адамның қаза тапқанын айтады. Ал Франция президенті парламенттің төменгі палатасын таратып жіберді.
Армения ҰҚШҰ-дан шығады – Пашинян
Армения премьер-министрі Никол Пашинян Арменияның ҰҚШҰ-дан шығатынын мәлімдеді.
Парламент отырысында оппозициялық депутаттардың бірі Пашинянға Армения неліктен ҰҚШҰ-ға наразылық білдіріп, неге ұйымнан шықпай жатқаны туралы сұрақ қойды.
"Сіз біз қайтып ұйымға ораламыз деп ойлайсыз ба? Уайымдамаңыз, біз кері шегінбейміз", – деді Пашинян.
Бұған дейін Пашинян Ереванның ҰҚШҰ-ға қатысуын тоқтатқанын мәлімдеген.
Пашинян 2018 жылы билікке келген кезде Арменияға қауіп төніп тұрғанын мәлімдегенін еске алды.
"Келісімшарттық міндеттемелерді орындаудың орнына, олар Әзірбайжанмен бірігіп бізге қарсы соғысты жоспарлаған. Біз өз мақсатымызға жеттік. Біз шекаралары делимитацияланған егеменді бейбіт ел болатын нағыз Арменияны құруға бет бұрдық", – деді Армения премьер-министрі.
Оған қоса Никол Пашинян Александр Лукашенко президент болып тұрған кезде Арменияның ресми өкілдері де Беларуське ешқашан бармайтынын айтты. Ол Лукашенконы өзіне қарсы шықты деп айыптаған.
"Александр Лукашенко президент болып тұрған кезде мен Беларуське енді ешқашан бармаймын және Арменияның бірде-бір ресми өкілі ол елге бармайтынын айтқым келеді", – деді Пашинян.
Пашинян егер Беларусьтің ҰҚШҰ-дан шығу туралы шешім қабылдаса немесе Лукашенко армян халқынан кешірім сұраса ғана пікірінің өзгеруі мүмкін екенін айтты.
Ереванда халық шеруге шықты
Фото: IMAGO/SNA
Армения премьер-министрі Никол Пашинянның отставкаға кетуін талап еткен шерушілер Ереванның орталығындағы Баграмян даңғылын жауып, парламент ғимаратының алдына шатырлар тіккен.
Армениядағы наразылық қозғалысының жетекшісі, Армян апостол шіркеуінің архиепископы Баграт Галстанян парламент алдындағы митингіде Пашинянның кетуін сұрады.
“Пашинян қызметінен кетуі керек. Біз кері қадам жасамаймыз", – деді ол.
Шерушілер полиция қоршауын бұзып өтіп, парламент ғимаратына кіруге тырысуда.
Армения полициясы наразылық білдірушілерге қарсы дыбыс шығаратын гранаталарды қолдана бастады.
Пашинян полиция "заңмен жүктелген міндеттерді орындайтынын” мәлімдеді.
Наразылық барысында 100-ге жуық адам ұсталып, 80-ге жуық адам жарақат алды.
"98 адам ұсталды", – деп хабарлады Арменияның ішкі істер министрлігі.
Денсаулық сақтау министрлігі 79 адам, оның ішінде полиция қызметкерлері медициналық көмекке жүгінгенін, олардың алтауы үйге шығарылғанын хабарлады.
Ресейлік бітімгершілік күштері Қарабақтан шығарылды
Фото: Ria.ru
"Әзербайжанның Қарабақ аймағынан ресейлік бітімгершілік контингентін шығару процесі 12 маусымда аяқталды", – деп хабарлады Әзірбайжан қорғаныс министрлігі.
Ақпаратқа сүйенсек РМК жеке құрамы, қару-жарағы мен техникасы Әзірбайжан аумағынан толығымен шығып кеткен.
Ресей бітімгершілік контингенті 2020 жылдың 10 қарашасында Қарабақта Армения мен Әзірбайжан күштері арасындағы соғыс қимылдары тоқтағаннан кейін енгізілді. Ресми түрде хабарланғандай, ресейлік контингент бастапқыда 1960 әскери қызметкерді құраған. Оның негізін орталық әскери округтің 15-ші жеке мотоатқыштар бригадасының бөлімшелері құрады.
Никол Пашинян Әзірбайжанмен бір ай ішінде бітімгершілік келісімге қол қою мүмкіндігін мәлімдеді
"Бейбітшілік келісімінің мәтіні жіті тексеріліп, дайындалды. Армения келісімге бір ай ішінде қол қоюға дайын", – деп мәлімдеді Пашинян.
Пашинян Бакудің Ереванның Конституцияны өзгерту қажеттігі туралы мәлімдемесі "келіссөздер үдерісін бұрмалау әрекеті" деп атап өтті.
Ресей активтерінен түскен қаражат Украинаға беріледі
Фото: Ашық дереккөзден алынды
G7 саммитіне қатысушылар Ресей Федерациясының тыйым салынған активтерінен түскен қаражатты Украинаға көмектесу үшін пайдалану туралы саяси келісімге келді.
Бұл туралы Италия премьер-министрі Джорджия Мелони мәлімдеді.
"Біз Украинаға жыл соңына дейін шамамен 50 миллиард доллар көлемінде қосымша қаржылық қолдау көрсету туралы саяси келісімге келдік. Бұл жерде әңгіме активтерден түсетін кірісті пайдалануға қатысты болып отыр", – деді ол.
Өз тарапынан Еуропалық комиссияның басшысы Урсула Лейен де осы тақырып бойынша келісімге қол жеткізілгенін хабарлады.
"Үлкен жетілік Украинаға осы жылдың соңына дейін 50 миллиард доллар көлемінде несие беруге келісті", – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Франция президенті парламенттің төменгі палатасын таратып жіберді
Фото: AFP
Франция президенті Эммануэль Макрон француздарға арнаған үндеуінде парламенттің төменгі палатасы – Ұлттық ассамблеяны таратып, оның орнына мерзімінен бұрын сайлау тағайындады.
"Конституциямыздың 12-бабында талап етілетін консультацияларды жүргізгеннен кейін мен сізге дауыс беру арқылы парламенттік болашағымызды таңдауға тағы бір рет мүмкіндік беремін деп шештім. Сондықтан мен бүгін кешке Ұлттық ассамблеяны таратамын, бірнеше минуттан кейін мен парламенттік сайлауды өткізу туралы жарлыққа қол қоямын. Сайлаудың бірінші туры 30 маусымда, екіншісі 7 шілдеде өтеді", –деді Франция президенті.
Бұрынғы парламент сайлауы елде 2022 жылдың маусым айында өткен болатын.
Француз конституциясының 12-бабына сәйкес, парламенттік сайлау "таратылғаннан кейін кемінде жиырма немесе қырық күннен кешіктірмей" өтуі керек.
Газада кепілге алынғандарды құтқару операциясы
Израиль әскерилері Газа секторында кепілге алынған төрт адамды босатты. Олардың ішінде Ресей азаматы бар.
Бұл Ноа Аргамани, Альмог Мейр, Шломи Зив және Андрей Козлов.
Олар палестиналық қоныс аударғандарға арналған Нусейрат лагері аймағында әскери арнайы жасақтардың операциясы кезінде табылды.
Алғашқы мәліметтер бойынша кепілге алынғандардың денсаулық жағдайы алаңдатпайды. Олар медициналық тексеруден өту үшін ауруханаға жеткізілді.
Кепілге алынғандар 2023 жылдың қазан айынан бері Газа секторында болған. Оларды Израильдің оңтүстігінде палестиналық әскерилендірілген жауынгерлер тұтқынға алды.
Фото: AP Photo
Газада Израильдің кепілге алынғандарды құтқару операциясы кезінде 210 тұрғын қаза тапты
Израиль армиясының кепілге алынғандарды босату жөніндегі сенбі күнгі операциясы кезінде Газа секторында кемінде 210 бейбіт тұрғын қаза тапқаны туралы мәлімдеді Палестина билігі.
Палестина тарабының мәліметінше, тағы 400 газалық жараланған.
Нусейрат лагеріндегі құтқару операциясын Израильдің арнайы жасақтары жүргізген. Екі тараптың бір-бірін қарқынды түрде атқылағаны айтылады.
Иран президентікке үміткер 6 адамның тізімін жариялады
Иранның ішкі істер министрлігі жексенбі күні 28 маусымда өтетін елдегі президенттік сайлауға қатысуға рұқсат алған алты үміткердің тізімін жариялады.
Иран парламентінің экс-депутаты Масуд Пезешкян, ішкі істер министрлігінің бұрынғы басшысы және бұрынғы әділет министрі Мостафа Поурмохаммади, саяси мақсаттылықты анықтау кеңесінің мүшесі Саид Джалили, Тегеран мэрі Алиреза Закани, вице-президент Әмір-Хосейн Ғазиза Хашеми мен парламент спикері Мұхаммед Багерге сайлауға қатысуға рұқсат етілді.
Кандидаттарды растау оларға сайлау жарысын бастау құқығын береді.
Малавидің вице-президенті ұшақ аптынан қаза тапты
Фото: STR/AP
Малави вице-президенті Саулос Чилима мен онымен бірге болған тоғыз адам мінген апатқа ұшыраған ұшақтың фрагменттерін тапты. Ұшақтағылардың барлығы қаза тапқан.
"Чилима мен ұшақ бортындағы тоғыз адамның қазасы расталды. Құтқарушылар ұшақтың фрагменттерін радардан жоғалып кеткеннен кейін бір күннен кейін тапты", – деп хабарлайды радиостанция.
Малави қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ұшақ дүйсенбі күні таңертең ел астанасы Лилонгведен солтүстікке көтерілгеннен кейін көп ұзамай "радардан шығып кеткен".
Оқиға туралы хабарланған соң, ел президенті Лазарус Чаквера Багам аралдарына жоспарланған сапарын тоқтатты.
Чилима Малави вице-президенті лауазымына алғаш рет 2014 жылдың мамырында кіріскен. 2020 жылы ол екінші рет президенттік ант қабылдаған болатын.