Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мемлекет әртістерге жағдай жасасын": Әншілер Ақтоты Райымқұлованың фонограмма туралы ұсынысына өре түрегелді

Күні кеше мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова әншілердің "тәртібіне қатысты" заңнамаға өзгеріс пен толықтырулар енгізуді ұсынды. Бұл өзгерістер бойынша концерттер мен түсірілімдерге келмесе, кешіксе және әдепсіз қылық танытып киінсе, репертуарына анайы сөздер қосса, әкімшілік жазаға тартылатын болады. Бұған әншілердің қалай қарайды? Stan.kz тілшісі эстрадамыздың бірқатар жұлдыздарымен тілдесіп, жауабын тыңдады. 

Меруерт

Келісілген концерттерге әншілердің кешігіп келуінде өзіндік себептері болады деген Сейфуллин Жолбарыс ұйымдастырушылардан да қателік кететінін айтады. Ал өзі айтқан уақыттан кешікпеуге барынша тырысамын дейді. 

"Жалғыз әншілер емес, өмірде кім болса да жазаланады. Ал келісілген концерттерге бағдарламаға кешігіп келу немесе мүлдем бара алмай қалу деген әншілер арасында болып қалатын жағдай. Кейде ауырып қалады. Ақылы концерттерге келе алмай қалған жағдайда айыппұл салынса, төлеуге дайынмын. Бірақ таяқтың екі ұшы бар. Кейбір ұйымдастырушылар концертке сегізде кел деп айтады, уақытында барасың, он-он бірге дейін сандалтып қояды. Ол енді ұйымдастырушылар тарапынан кететін қателік. Кейде әнші барғысы келмеген соң емес, түрлі сыртқы факторлар әсер етеді. Ауырып қалуы, ұшағы кешігіп, екінші қалаға жете алмай қалуы мүмкін. Оған ауа райы да кедергі болуы мүмкін. Осындай олқылықтарға байланысты ұсынылып жатқан заң шығар. Бұл таңғалатын заң емес. Ол бұрынан бар нәрсе", - дейді әнші Сейфуллин Жолбарыс. 

Әншінің сөзінше, концерттерге байланысты заңды қатаңдатып жатқанымен, отандық өнерпаздар көп концерт бермейді де. 

"Кім концертке шығып жатыр, бәрлығы тойда жүреді. Қазір ол той да жоқ. Ал тойдағы мәселелерге араласа алмайды деп ойлаймын. Өйткені, той иесі мен әнші арасында жүретін келісім. Келісілген ақшасы төленген концерттерде мәселе шықса айыппұл төлеуі керек. Өзім кешікпей, дәл уақытымен барамын деп айта алмаймын. Дегенмен, кешікпеуге тырысамын", - дейді ол.

Әнші Сейфуллин Жолбарыс егер келісім болған жерде өзінен кеткен қателік болса, айыппұл төлеуге дайын екенін жеткізді. 

"Жігіттер" тобының әншісі Бағлан Әбдірайымов те "Уәдеге берік болып, айтқан сөзінде тұру - адамның тікелей өзіне байланысты. Бұл ұсыныс өзгелерге сабақ болатына сенімдімін", - деп мәдениет министрінің ұсынысына қолдау білдірді.

Оның сөзіне сенсек, мұндай қатал талаптар кейбір "жұлдыз ауруына" шалдыққан әншілерге тұсау болады екен. Ойынша, бұл өскелең ұрпақтың санасына жауапкершілік қағидаттарын сіңіріп өсуге үлесін қосады. 

"Жұлдыз ауруы" , "Мен бармасам, түсірілім болмайды" деген сезімде жүретін әнішлер бар. Бір-екі әндері хит болып қалса, онсыз түсірілім өтпейтіндей көрінеді. Сондықтан өнерде жүрген іні-бауырларға жақсы сабақ болады. Келешек балаларымыз сахнаға шығып ән орындап жатса, тәртіп ретінде қабылдап, санасына сіңіріп өседі. Жауапкершілікпен қарайтын болады", - дейді ол. 

Бағлан Әбдірайымов жауапкершілігі аз өнер иелеріне жазасын бұдан да қатаңдату керек деген пікірде. Оның пайымынша, әдепсіз киініп, анайы сөздер айтатын әншілерді таяқпен "тәрбиелеу" керек. 

"Ал боғауыз сөз араласқан ән айтып, әдепсіз киінетіндерге қазіргі ұсыныс аздық етеді. Оларды сабау керек. Ондай әрекетке өзінің атын шығару үшін жасап жатқан шығар. Бірақ жеке басы үшін осылай арзыздыққа барып, телеэкранның ар жағында отырған жастардың психологиясын бұзады. Әндерінде анайы сөздерді қолданып, әдепсіз киінетіндер санасыз болған соң сондай әрекетке барады", - деп кесіп айтты әнші. 

Бұл сөзіне әріптестеріңіз ренжіп жүрмейді ме деп нақтылағанымызда "қазір адамдар қорыққаннан сыйлайды" деп қайтарды. 

Естеріңізге сала кетсек, күні кеше мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин: "Концертінде фонограмма қолданатын болса, билет алып отырған халықты алдамай құлаққағыс етіп жазсын. Халық содан кейін ол концертке бара ма, бармай ма өзі шешеді. Егер фонограммамен айтатын болса, халық та ақшасын көшірмеден өткізіп төлесін" деп әзіл-шыны аралас айтқан болатын. 

Бұл сөзге әнші Меруерт Түсіпбаеваның айтар уәжі бар.

"Кеше ғана халық әртісі Мақпал Жүнісова апай екеуміз осы заңнамаға қатысты, жалпы мәжіліс спикерінің сөзіне байланысты мәселені талқыладық. Менің мәжіліс спикеріне өз жауабым дайын. Әншілер не үшін фонограммамен айтып кетті? Әншілердің фонограммасыз айтуына, өзін дамытуына мемлекет тарапыннан жағдай жасалды ма? 

Мен 2-сыныбымнан ансамбльдің сүйемелдеуімен ән айттым. Қазір оның біреуі де жоқ. Бүгінгі күні бірде бір концерттік мекемелерде мемлекет қаржыландыратын кәсіби инструменталды ансамбль жоқ. Әншілердің мемлекеттік мекемелерге келіп, концертіне тірідей сүйемелдеп дайындайтын ансамбль жоқ. Кеңес үкіметі кезінде, мен тұрған кішкентай ауылдың мәдениет үйінде тірідей сүйемелдейтін ВИА болатын. Біз ол кезде фотограмма дегенді білмейтінбіз. Мәселе бар дейсіздер, оның шешімін неге ойламайсыздар? Жыл сайын консерваторияны бітірген талай кәсіби музыканттар жұмыс таба алмай сабылып жүреді? Неге мемлекет тарапынан қаржыландырып, әр концерттік мекеме ішінде эстрадалық ансамбль, эстрадалық оркестр ашпасқа? Әншілердің фонограммасыз өнер көрсетуіне жағдай жасап, әлемдік стандарттарға сәйкес аппаратура неге алмасқа?! Мақпал апай да ұжым бастықтарына осы мәселені көптен бері айтып жүр екен. Бірақ тыңдар құлақ жоқ. Заңды парламентке ұсынбас бұрын, өнер майталмандарымен кеңесіп, ақылдасып, олардың да айтарын тыңдау керек деп ойлаймын. Мемлекет концерттік мекемелерде музыканттарды қаржыландырып отырса, әншілер күніне 2-3 сағаттарын бөліп дайындалса, біздер үшін үлкен мектеп болар еді. Содан кейін де, фонограммамен ән айтқан әншіні тапса... Көрейік. Сондықтан, заң шығармас бұрын, әр мәселенің түп-тамырына үңіліп, зерттеу керек", - дейді Түсіпбаева. 

Ал мәдениетке жауапты тұтас саланың басшылығы мен мәжіліс спикері ұсынған заң қабылдана ма, қабылданбай ма - бұл уақыт еншісіндегі мәселе. Бір белгілісі, біздің өнерпаздар оны қуана қарсы ала қоймады.

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Талқылау