"Анам жалғыз сиырын сатып, пианино алып берді": Төлеген Мұхамеджанов бала кезін еске алды
Белгілі сазгер, композитор Төлеген Мұхамеджанов бала кезден өнерге құштар болғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Төрлетіңіз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
фото: https://www.instagram.com/jibek_joly.tv/
Өнер иесінің айтуынша, алғашқы ұстазы әкесі екен.
“Музыкаға қызығуыма әсер еткен адам – әкем. Өнер адамы болуымды қалады. 5-сынып оқып жүргенде 11 жастағы баласын поштаға жұмысқа тұрғызды. 3 ай бойы ауылда хат пен газет-журнал тасушы болдым. Баламын ғой, кейде ойнап жүрген достарымды газет таратуға жұмсай саламын. Кешкілік үйге газет-журналымыз келмеді” деп адамдар іздеп келетін. 3 ай жұмыс істеп, 105 рубль таптым. Сол жылы әкем баян алып берді. Амал жоқ таңертеңнен кешке дейін баян үйрендім. Әкемнің сондағы мақсаты – өз адал еңбегімен алсын дегені. Мен негізі ғарышкер болуды армандағанмын. Бірақ ғарышқа ұшқан азаматтар – менің жақын достарым. Ол арманым орындалмайтын болғасын, консерваторияға түстім”, – деп бала кезін еске алады композитор.
Мәдениет қайраткерінің студент болып жүргенде анасының пианино алып бергені де күні бүгінге дейін есінде екен.
“13 жасымда әкем қайтыс болды. Одан кейін анам менің тәрбиемді толығымен жауапкершілігіне алды. Әкемнің аманаты болуы керек, өнерді тастамауымды қатты қадағалады. Тіпті студент кезімде қорасындағы жалғыз сиырын сатып, пианино алып берді. Ол кезде оның бағасы бір сиырдың құнымен бірдей болатын”, – дейді өнер иесі.