"Алты жыл бойы ашқарынға энергетик сусын іштім": Актер Мұрат Бисембин қатерлі ісікке шалдығу себебін айтты
Қатерлі ісікпен күресіп жатқан актер Мұрат Бисембин сырқатқа шалдығу себебін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин
Киножұлдыз тележурналист Динара Сәтжанға сұхбат беріп, денсаулықты күтуге үндеді.
“Жыл сайын бір рет чекаптан өтіп тұру керек. Қазір түрлі жарнамалары шығып жатыр, мен соған кеңес берер едім. Қолыңызда ақшаңыз болса бірден чекап жасатып алыңыз. Ертең не ішемін, қалай күн көремін деп ойламай-ақ қойыңыз. Әрі кетсе 1000 АҚШ долларын жұмсайсыз. Сол кезде бір сырқатыңыз дер кезінде анықталады. Ол тек қатерлі ісікке қатысты емес. Мүмкін терапиялық ем қолданып, енді ғана білініп келе жатқан сырқаттың алдын алуыңыз мүмкін. Мен чекаптан өтпедім. Сол баяғы қазақшылыққа салынып, “Ой маған не үшін, еш жерім ауырмайды” дедім. Кейін денсаулығыма салғырт қарағаным үшін, қатты өкіндім”, – деп бастады әңгімесін актер.
Отандық киножұлдыздың сөзінше, қанша жаттығу жасаса да, салмақ қоспай қалған көрінеді.
“6 жылдан бері ашығу режимін ұстаймын. Спортпен шұғылданамын. Бірақ салмағым сол күйі тұрды. Әйелім байқап, дабыл қақты. Егер асқазаныңызда ешқандай мәселе болмаса жиі ашығып тұрған дұрыс. Одан қорқудың қажеті жоқ. Одан кейін алты жыл бойы ашқарынға энергетик сусын іштім. Сосын қантсыз коланы таңертеңнен кешке дейін ішіп жүрдім. Осылар менің тәбетімді тежейді деп ойладым. Өйткені қанша тамақ ішіп, спортпен айналыссам да, салмақ қоспадым. Менің диагнозымның ең бірінші белгісі – салмақ жинай алмай қалу екен. Бірақ сусындар менің денсаулығыма зиянын тигізді. Қатерлі ісікке шалдығуымның бірден бір себебі де осы зиянды сусындар болуы мүмкін”, – деді актер.
Еске салайық, Мұрат Бисембин қатерлі ісікке шалдыққанын анасына айтпағанын жазған едік.