Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы қонақ үйде болған сәби өлімі: Күзетші оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Алматыда бес жұлдызды InterContinental қонақ үйіндегі бір жарым жасар қыздың өлімі бойынша сот отырысы өтті. Қауіпсіздік қызметкерінен жауап алынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақпаратқа сілтеме жасап. 

Сотта нәрестенің 42 жастағы әкесі - Ұлыбритания азаматы Мохамед Баракат айыпталып отыр.

Басты сот талқылауында төрт айға жуық уақыт өткенде ғана алғашқы куәгерлерден жауап ала бастады. Сотталушы Баракат пен оның туыстарының өтінішін қарауға байланысты арада ұзақ үзіліс болды. Олардың өтініші екі ретінде де қанағаттандырылмады.

Соттың онлайн режимінде алғашқы болып қонақ үйдің ауысымдық күзет қызметінің басшысы Мәди Әлімханов куәлік берді. 

Оның айтуынша, 24 қазанда, қайғылы оқиға болған күні ол жұмыста болған. Сағат 08.00-ге жақын басқа күзетші оны шақырып, қабылдау бөліміне келуін өтінген.

«Қабылдау бөлмесіне жақындағанымда жылап жатқан қызды көрдім (сотталушы Мадина Баракаттың әйелі - авторлық ескерту). Ол баласын көтеріп жылап тұрды. Бала көгеріп кеткен, көзі жұмулы, тіршілік белгісі байқалған жоқ. Әйел «ол баламды өлтірді, баламды ұрды» деп айқайлап жатты. Мен күзет қызметі басшысының орынбасарына қоңырау шалып, қабылдауға келуді өтіндім. Ол күндізгі ауысым басшысымен бірге келді. Қыз бізден сегізінші қабатқа көтерілуді өтінген соң біз 801 нөміріне бардық», - деп еске алды куәгер.

Ер адамның айтуынша, олар еуропалық нәсілдегі ер адам жатқан ванна бөлмеге кірген.

«Содан кейін біз бөлмеден шығып, полицияға хабарластық. Кейін полициямен бірге мен бөлмеге қайта кірдім. Ер адам шамамен 35-40 жаста еді. Ол жуынатын бөлмеде шалқасынан түсіп жатты. Ол есін білді, бірақ толық сау күйде болған жоқ. Көзі шыны тәрізді, есірткі қабылдайтын адамдар сияқты болды. Біз бөлмеден дереу шығып кеттік. Біз шыққаннан кейін есікті жауып тастадық. Бізден кейін біреу кірді ме, жоқ па білмеймін. Мен дереу жедел жәрдем қызметкерлерін күтіп алу үшін төменге түстім. Олар 10-15 минутта келді. Біз олармен бірге бөлмеге қайта оралдық. Сол кезде ер адам дәлізде болды. Құқық қорғаушылар оны кісендеді. Ол өзін агрессивті түрде ұстай бастады, ағылшын тілінде балағат сөздер айтты. Кейін оны полиция алып кетті», - деп қосты Мәди Әлімханов.

Сонымен қатар, ол қосымша нақты сұрақтарға жауап берді. Куәгер қыздың ақ футболка мен спорттық шалбар киген 20-23 жас аралығындағы қазақ әйелі екенін айтты.

«Оның бетінде көгерген іздер болмаған сияқты, киімдері жыртылмаған. Қайғылы оқиға болғанға дейін қонақ үйде жұмыс істеген кезімде бұл адам (сотталушы Мохамед Баракат) мен қызды мен бірнеше рет көрдім, бірақ олармен сөйлеспедім. Мен британдық азаматты мас күйінде көрген жоқпын, ол қонақ үй қызметкерлерімен жанжалдасқан жоқ», - деп қорытындылады куәгер.

Естеріңізге сала кетейік, жаға ұстатқан жағдай қаладағы қонақ үйлердің бірінде орын алған. Әкесі бір жарым жасар қызын тепкінің астына алған. Нәресте ауыр жарақаттардың әсерінен ауруханада көз жұмды.

Ұлыбритания азаматы, 42 жастағы Мохамед Баракат күдікке ілінді. Оған 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылу, тіпті өмір бойына бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр.

Айыптау қорытындысына сәйкес, қайғылы оқиғаға ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал, алкоголь мен есірткі себеп болған. Ұлыбритания азаматына қатысты негізгі сот талқылауы осы жылдың маусым айының соңында басталды.

Талқылау