Алматыда жүк көлігі автобуспен соқтығысып, 9 адам зардап шекті (видео)
Алматыда оқыс оқиға 16 шілдеде болып, жүк көлігі аялдамада тұрған №137 автобусқа соқтығысқан. Қоғамдық көлік қатты соққының әсерінен жеке үйдің қоршауына кіріп кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Almaty news
Алматы полициясы жол апатының сағат 09:15-те Алматының Наурызбай ауданында болғанын мәлімдеді.
"Жүк көлігінің жүргізушісі Әшімов көшесімен солтүстік бағытта, Шаляпин көшесінің солтүстігінде келе жатып, аялдамаға тоқтаған 137-маршрут автобусына соқтығысқан. Инерция бойынша автобус жол жиегіне шығып, жеке үйдің қоршауына соғылған", – деп хабарлады полиция.
Жол апаты салдарынан тоғыз жолаушы зардап шекті. Жол-көлік оқиғасының басқа да мән-жайлары анықталып жатыр.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендерге қажет тексерулер жүргізіліп жатыр.
“Оқиғадан кейін тоғыз адам №7 қалалық клиникалық ауруханаға тексерілу үшін жеткізілді. Полижарақаттар бөліміне екі адам жатқызылды. Қалған науқастар тексерілгеннен кейін үйлеріне жіберіліп, оларға амбулаторлық ем жазылды”, – делінген хабарламада.
Еске салайық, 14 шілде күні сағат 12:00 шамасында Алматы-Екатеринбург тас жолында Ақшатау кентінен 30 шақырым жерде автобус пен Toyota Estima көліктері соқтығысқанын жаздық. Оқиға салдарынан Toyota Estima көлігінің төрт жолаушысы мен автобустың бір жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.