Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жер сілкінісінен зардап шеккендердің саны 44-ке жетті

Денсаулық сақтау министрлігі Алматыда жер сілкінісінен зардап шеккендердің саны 44-ке дейін артқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.


Министрліктің хабарлауынша, 23 қаңтарға қараған түні алматылықтар қатты жер сілкінісінен бас жарақаты, түрлі жеңіл және орташа ауырлықтағы жарақаттары бар 44 адам медициналық көмекке жүгінді.

"Әр түрлі көрсеткіштермен олар қаланың стационарларына жеткізілді. Оның ішінде 34 ересек адам, оның 3-і ауруханаға жатқызылса, 31 адам амбулаториялық емделуге жіберілді", – делінген хабарламада.



Сонымен қатар 10 бала медициналық көмек алды. Оның 5-еуі ауруханаға жатқызылса, 5-еуі амбулаториялық емге жіберілді.

Айта кетсек, бүгін түнгі сағат 03:00-де 8 адам жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Жарақат алған үш адам тұрғын үйлердің 2 және 3-қабатынан секірген. 

Еске сала кетсек, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Астана уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы 6,7 балл. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады. Ал ТЖД дерегіне сәйкес алдағы уақытта қуатты жер сілкінісі болмайды, сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ. 

Талқылау