Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Алматы – кене энцефалитінің эндемиялық аймағы”. Дәрігерлер жәндік шаққан жағдайда не істеу керегін түсіндірді

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас травматолог-ортопед дәрігері Қанат Тезекбаевтің айтуынша, кенелер энцефалит тасымалдаушысы ретінде өте қауіпті. Сондықтан бұл жәндіктерден қалай қорғануға болады, шаққан жағдайда не істеу керек деген сауалдарды ол түсіндіріп берді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Кене

Дәрігер сөзін кене энцефалиті дегеннің не екенін түсіндіруден бастады. Айтуынша бұл - тұрақты табиғи ошақтарда пайда болатын, дене температурасының жоғарылауымен, интоксикациямен және жүйке жүйесінің зақымдануымен көрінетін қауіпті вирустық инфекция. Негізінен денеге жабысқан кененің шағуынан жұғады. 

“Денеге жабысып қалған кенені теріден алған кезде оның бізтұмсығының қалып қоймауын қадағалап, мүмкіндігінше тезірек алып тастау керек. Мұны травматологиядағы дәрігердің жасаған дұрыс. Егер дәрігерге бару мүмкіндігі болмаса, дәріханада немесе кез келген басқа жерде сатылатын қысқышы бар арнайы пинцет қолдануға болады. Кенені барынша жабысқан жерінен  ұстау керек, пинцетті тістеген жерінен перпендикуляр ұстаңыз. Кененің денесін айналдырған күйі алу керек. Көп ұзамай кене де теріден өздігінен шығады”, - дейді маман. 

Сондай-ақ, дәрігер кененің адамды негізінен тері тіндері ең жұмсақ жерлерін шағатынын айтты. Оларға: құлақтың сырт жағы, мойын, бастың шашы бар бөлігі, шынтақтың ішкі жағы, қолтық асты, іш, шап, жіліншіктің ішкі жақтары, тізе асты жатады. Десе де кененің шаққаны білінбейді. Өйткені оның ауыз сілекейінде жараға ауырсынуды басатын зат бар. 

"Энцефалит вирусын жұқтырған кене шаққаннан кейін үш күн ішінде шұғыл профилактика жүргізу қажет. Дене салмағының 10 келісіне есептеп 1 мл дозада кенеге қарсы иммуноглобулин енгізу немесе сәйкес схема бойынша йодантипирин қабылдайсыз. Энцефалиттің асқынуының қауіптілігі өте жоғары. Сондықтан алдын алған маңызды”, - дейді ол. 

Фото: Алматы орталық коммуникациялар қызметі

Тезекбаевтың айтуынша, Алматы қаласында күн жылынғалы кене шағып, медициналық көмекке жүгінген науқастардың саны артқан. Өткен аптада ғана 52 науқас мамандардың көмегіне жүгініпті. Оның 23-і бала. Көбінесе кене шағу жағдайлары қала маңы мен тау баурайында орын алады.

Жеке қорғаныс шараларынан басқа, маман қала маңындағы аумақтарда алдын алу жұмыстарын жүргізуді де ұсынып отыр. Ол үшін:

- аумақтан қоқысты шығару;

- үй жануарларының жүнін арнайы құралмен өңдеу, оларды мұқият тексеру;

- үркітетін өсімдіктерді отырғызу;

- жерді ескірген бұтақтар мен шөптерден жүйелі түрде тазалау, көгалдарды жүйелі түрде шабу;

- құстарға арналған жем салғыштарды орнату – кенелердің табиғи жаулары;

- кеміргіштерді – жәндіктердің негізгі тасымалдаушыларын жою;

- қоршаудың жанында ені 100 см үгінділер немесе қиыршық тас жол түрінде кедергі жасау.

Дәрігер сондай-ақ, Алматы – кене энцефалитінің эндемиялық аймағы екенін де айта кетті. Ал аурудың алдын алудың негізгі қағидасы – вакцинация.

Талқылау