Алматы әкімдігі хостелде қаза болған қазақстандықтардың отбасына бір миллион теңгеден бөледі
Алматы әкімдігі хостелдегі өрттен қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына 1 миллион теңге бөледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алмалы ауданының әкімі Айдар Жәкібаевтың сөзінше, қала әкімі қаулыға қол қойған.
"Қала әкімінің тапсырмасы бойынша марқұм болған әрбір Қазақстан азаматына мәйіттерді тасымалдауға көмек көрсетумен қатар 1 миллион теңгеден материалдық көмек көрсетіледі. Бұл қаулыға қала әкімі қол қойды", - деді Алмалы ауданының әкімі Айдар Жәкібаев.
Қаза болған шетелдіктердің отбасыларына марқұмдардың денелерін жерлеу орындарына жеткізуге көмек көрсетіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда хостелде өрт шығып, салдарынан 13 адам мерт болғаны айтылды. 56 адам мектепке уақытша орналастырылды. Өртенген хостелдің 1,5 ай бұрын ашылғаны белгілі болды, онда шетелдіктер тұрып келген. Министрлер кабинеті өрттің шығу себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрды. Сонымен қоса хостелдегі өртке байланысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.
Сондай-ақ қаза болғандардың жеке бастары анықталды.