Актриса Сара Амангелді: Өзім ұнатқан жігіт үшін қатты арықтап, анорексияға шалдыға жаздадым
Актриса, әнші Сара Амангелді ашыла сұхбат берді. Бір ай ішінде 15 келі салмақ тастап қатты арықтаған ол бұған сүйген жігітінің сөзі әсер еткенін айтады. Сара әншіліктен бұрын киноға түскенді ұнатады.
Бұл туралы "Ревю" бағдарламасында айтылды.
Сара Амангелді "Я люблю тебя" фильмінде басты рөлді сомдады. Одан бөлек "Келінжан" сериалы арқылы көрерменге таныс. Актрисаның әншілігі тұралап қалды. Алайда әншілік өнерін тастамақ емес. Ән қоржынында Нұржан Керменбаевпен, Нұрболат Абдуллинмен айтқан дуэттері бар.
"Маған әншіліктен гөрі актрисалық өнер ұнайды. Басты рөлдегі киноларға түскім келеді. Анам менің продюсерім. Басқаларға қатал болғанымен ,маған қатал емес. Анам үшін мен ең үздік актрисамын. Мені актриса еткен де, әнші еткен де анам. Кей тыңдарман жазып жатады "анаңның арқасында жүрсің. Өз талантың жоқ. Анаң болған соң танылып жүрсің" деп. Сондай жағымсыз жақтары бар. Бірақ анамның еңбегін жоққа шығараймын", - деді Сара.
Сара Амангелді анасының продюсерлігімен түскен киноларда қаламақы сұрайтынын жасырмайды. Ал өзінің артық салмағы киноға түсуге кедергі болғаны жасырын емес.
"8 жыл бұрын, 16 жасымда толық едім. Ұл секілді болатынмын. Бір күні мен ұнатып жүрген жігітпен кездестім. Онымен сөйлессем екен дейтінмін. Кейін өзі жазды. Мен түскен киноны көріпті. Кездесуге шақырды. Кездесуде маған арықтау керек екенін айтты. "Егер сәл арықтасаң, ең әдемі қыз боласың" деді. Мен бұған ренжідім. Үйге барып жүгіре бастадым. Тамақ ішпей қалдым. Тіпті анорексия ауруына шалдыға жаздадым. Анам ұрысты. Психолог мұндай аурудан адам өліп кететінін айтты. Сол кезде өзімді қолға алып, тамақ ішіп, өз-өзіме келдім", - деді актриса.
Сараның айтуынша, оған сөз салатын жігіттер көп. Алайда өзі ұнатқан жігітті әлі кездестірмепті.
Айта кетейік, Сара Амангелдінің продюсері өз анасы Гүлнұр Мамасарипова.