Ақтауда мектеп оқушыларының бір-бірін таптап кете жаздаған сәті видеоға түсіп қалды
Ақтаудағы 19-шағын аудандағы жаңа №24 мектептің оқушыларының ата-аналары балалардың бірін-бірі білім ордасына кірер кезде таптап кете жаздаған сәтін видеоға түсіріп алды. Олар биліктен шара қолдануды сұрады. Жағдайға қатысты түсініктеме Ақтау қалалық білім бөлімі берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото видеокадрдан алынған
Балалардың ата-аналары мұндай кептеліс тек бір кіреберісте ғана болатынын, ал қосалқы есіктердің пайдаланылмайтынын айтады. Олар білім бөлімінен бұл мәселені шешуді сұрайды.
"Кім жауапты? Неге кіріп-шығатын жеке есік жасамасқа?" – деп наразы болды ата-аналар.
Ақтау қалалық білім бөліміндегілер 12 қазан күні сағат 12:00-ден 13:30-ға дейін мектепте жұмыс істейтін жас мамандарға әдістемелік көмек көрсету бойынша семинар ұйымдастырылғанын хабарлады.
"Семинар 25 минутқа созылып кеткендіктен, 2 және 3-сыныптардың сынып жетекшілері өз оқушыларын уақытында кіргізіп, мектеп алдына қарсы алуға үлгермеген. Осы уақытта, сағат 13:50-ден 14:00-ге дейін, даярлық сынып оқушылары шығып жатқанда, ал 2 және 3-сынып оқушылары мектепке кіріп жатқан. Осы кезеңде сығылысып қалған. Ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиісті шаралар қабылданды. Қазір бастауыш сынып оқушылары үшін екі кіреберіс ашылды. Біреуі кіруге, екіншісі шығуға арналған. Оқушылардың қауіпсіздігін кезекшілер мен сынып жетекшілері бақылайды", – делінген білім басқармасының хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін 25 қыркүйекте Ақтаудағы №19 орта мектепте оқитын балалардың ата-аналарының айтуынша, екінші ауысымда оқитын оқушылар рұқсат бермейінше далада тұруға мәжбүр болған. Осы кезде қалалық білім бөлімі жағдайды бақылауға алғанын хабарлады. Ата-аналар күн сайын осылай болады десе де, мектеп әкімшілігі бүгінгі оқиға тек бір рет болғанын айтады.