"Әкесінің орнын ешкім толтыра алмайды": Алматыда қаза тапқан күзетшінің әйелі экс-депутаттың ұлы өмір бойына сотталғанын қалайды
Алматыда көпқабатты үйлердің бірінде аяусыз соққыға жығылып, көз жұмған күзетшінің әйелі сот үкімімен келіспейді. Нұрбол Қайыпбаевтың жары марқұмды көлігімен жаншып, өлімші етіп сабаған адамға 22 жыл аз деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Үш айдан бері сот үкімін күткен Нұрбол Қайыпбаевтың жары кінәлі тиісті жазасын ала ма деп үміттенген. Алайда сот қасақана азаптап адам өлтірген қылмыскерге жеңіл жаза тағайындады деп күйінеді. Ал бұл жылдар жан-жарымның орнын толтырмайды деп көзіне жас алды.
"22 жыл біз үшін аз. Жолдасымның өмірін қиғандықтан... Ол адамның жер басып жүруіне қарсымын. Болашағымды елестете алмаймын, балаларымды, алға қарай өмір сүруімізді ойлай алмаймын. Әкелерін бір сәтте жоқ қылғаны өте өкінішті. Балалар әлі де әкесі жоқ екенін мойындай алмайды", – деп күйінді марқұмның жары Әсем Молдахұнова.
Жәбірленуші тараптың қорғаушысы Арман Шәріпов кәмелет жасқа толмаған балалар әкесіз қалғанын айтты.
"Әкесінің орнын ешкім толтыра алмайды. Біз талап еткен 100 миллионның өзі біз үшін аз деп ойлаймыз. Бірақ сот соған қарамастан, 20 миллионға түсіріп отыр. Сондықтан біз 20 миллионмен келісе алмаймыз. Сол себепті апелляциға беріп отырмыз", – деді Арман Шәріпов.
Марқұм Нұрбол Қайыпбаевтың артында кәмелет жасқа толмаған 3 баласы қалды. Кенжесін былтыр күзде жетектеп, бірінші сыныпқа апармақ болыпты. Алайда 45 жастағы азаматтың бұл арманы сол күйі орындалмады.
Еске салайық, былтыр Mercur Towers тұрғын кешенінің күзетшісі болып жұмыс істеген Нұрбол Қайыпбаевты мас болып көлік тізгіндеген азамат бірнеше рет көлікпен басып, артынша ұрып өлтірген. Кінәліге асқан қатыгездікпен жасалған адам өлтіру және жеке өмірге қол сұғу баптарымен айып тағылды. 10 сәуірде қылмыскерді сот кінәлі деп тауып, 22 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ моральдық шығын ретінде 20 миллион теңге төлеуге міндеттеді. Алайда 12 мүшесі сап-сау ер-азаматтың өмірін қиды деген әйел кінәлі азаматтың өмір бойына бас бостандығынан айырылғанын қалайды. Сондықтан жәбірленуші тараптың заңгері үкімді апелляцияға бермек.