Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тірі ақбөкен жоқ": БҚО-да жұртты шулатқан видеоға қатысты түсініктеме жасалды

Батыс Қазақстан облысының орман және жануарлар дүниесінің аумақтық инспекциясы тірі ақбөкендерді көму фактісін жоққа шығарады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Полиция департаментінің жедел-тергеу тобы бірден оқиға орнына барған.

"Жерлеу кезінде тірі киіктер болған жоқ. Жануарларды жоюмен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері айналысқан. Қазір бұл факт бойынша полиция бөліміне хат жіберілді", - деді инспекция басшысы Қайрат Кадешев.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиға орнына Жәнібек полиция бөлімінің тергеу-жедел тобы кеткенін хабарлады.

"Факт ақпарат кітабында тіркелді, полиция қызметкерлері оқиға орнына барды. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, өліктердің арасында жағдайы нашар бір тірі аналық ақбөкен табылған. Мал дәрігері шақырылып, ақбөкенге тиісті көмек көрсетілді. Ақбөкен көп ұзамай үйіріне қосылды. Бұл факт бойынша қылмыстық немесе əкімшілік іс қозғалған жоқ", - деп атап өтті БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.



Айта кету керек, осыған дейін экология министрлігінің маманы Самал Ибраева тірі ақбөкендерді өлген жануарлармен бірге көмудің ашық фактісі туралы хабарлаған болатын. 

Естеріңізге сала кетейік, 13 мамырда Жәнібек ауданы, Тау ауылының маңынан 372 өлген киік табылды. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, олар ауа-райының қолайсыздығына байланысты қырылып қалған. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 19 Мамыр, 2021 13:46
Талқылау