Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Адам ұрлау, мүлкін тартып алу: Қызылордада қылмыстық топтың мүшелері ұсталды

Қызылордада ІІМ және ҰҚК Бас прокуратураның үйлестіруімен аймақтағы криминогендік жағдайға теріс әсер еткен қылмыстық топтың жетекшісі мен мүшелерін ұстау бойынша арнайы операция жүргізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скриншот

“Ұстаудың алдында оларға қатысты ұзақ мерзімді жедел іздестіру шаралары жүргізілген. Күдіктілердің қылмыстық әрекеттерін дәлелдеу олардың криминалдық байланыстарының көп болуынан қиынға соқты. Барлық факті бойынша тексеру жүргізіліп жатыр”, – делінген хабарламада.

Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, топ мүшелері өз мақсатын іске асыру үшін адамдарды ұрлап әкетіп, мүлкін тартып алып, қылмыстық қақтығыстарға қатысқан. Сондай-ақ олардың ойын-сауық мекемелеріне қылмыстық қамқорлық көрсетуге, құрылыс және ауыл шаруашылығы саласында бопсалауларға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

“Топтың негізгі мүшелері қамауға алынды. Атыс және травматикалық қару, ірі мөлшерде қаражат тәркіленді. Тергеу Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша жүргізіліп жатыр”, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.



Еске салайық, бұған дейін қарағанды облысында "қара риэлторлар" деп аталатын топтың заңсыз әрекетінің жолы кесілгенін жаздық. Ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамына адвокаттар, заңгерлер және нотариустар кірген. Олар заңсыз жолмен 14 пәтерді иемденіп алған. Пәтерсіз қалғандардың қатарында зейнеткерлер, ерекше қажеттігі бар жандар, алкогольге тәуелділер де бар. Қылмыстық топтың белсенді қатысушыларының бірі – деструктивті діни ағымды ұстанушы.

Талқылау